Warning
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 144
367.63 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

2050 жылы күн мен желден өндірілетін қуат көзіне деген сұраныс 10 есеге артады

  • 388
  • UPD: 21:08, 19.06.2017

2050 жылы көмірге деген сұраныс 5,6 млрд тоннадан 2,4 млрд тоннаға дейін азаяды. Ал күн мен желден өндірілетін қуат көзіне деген сұраныс 10 есеге артады. Бұл туралы бүгін инженерлер мен ғалымдардың Дүниежүзілік конгресінде белгілі болды.

Дүйім дүние назары кезекті рет бас қаламыз Астанаға ауды. Бүгін елордада инженерлер мен ғалымдардың Дүниежүзілік конгресі жалауын көтерді. Әлемнің  51 елінен келген мыңнан астам қатысушының 300-і шетелдік ғалым екенін атап өткен жөн. Ғылым саласындағы кіл мықтылар конгрестің көрігін қыздыра түсті.

«Болашақтың энергиясы: инновациялық сценарийлер және оларды жүзеге асыру әдістері» деп айдар таққан тақырып бекер таңдалмаған. ЭКСПО көрмесі аясындағы ауқымды  жиында энергетика саласындағы ең үздік жетістіктер мен заманауи бағыттар жан-жақты талқыланды. Бірегей бастама әсіресе Нобель сыйлығының  лауреаттарын қызықтырса керекті. Басты мақсат – электр қуатын өндіруде қоршаған  ортаға зиян келтірмеу.                                                                                      

Чунг Раэ Квон климаттың өзгеруі бойынша Нобель сыйлығының лауреаты 

-Бұл біздің алғашқы қадамымыз. Осы орайда конгрестің болашаққа деген бағыт-бағдары айқын. Жасыл экономика тек қоршаған ортаны құтқарып қана қоймай экономикаға да оң ықпал етуде. Оны әлем елдерінің көшбасшылары да көріп отыр.Сол себепті бізге энергетика саласында сүбелі еңбек ету қажет. Яғни бүгінгідей жиындардың келешегі кемел болмақ.

Бірегей бастамаға Біріккен Араб Әмірліктерінің Қоршаған ортаны қорғау министрі де арнайы  келген. Соңғы бірнеше жылда жаңғыртылған энергетика жөнінен бұл елдің көші ілгерілеп тұрғанын жаһан жұрты біледі. Бұл ретте мәртебелі мейманда алдағы жоспарларымен бөлісті.

Тани Ахмед аль-Зейоуди, БАӘ климаттың өзгеруі және қоршаған ортаны қорғау министрі:

-Жаңартылған энергетика жаңа экономикаға тікелей байланысты. Біздің ел бұл салаға соңғы он жыл ішінде ерекше көңіл бөліп келеді. Абу-Дабиде өтетін дәстүрлі форумда бірегей жобалар пысықталып, түрлі ұсыныстар қаралады. Оларға тіпті мемлекет тарапынан да қызығушылық мықты. Себебі алдағы уақытта біз энергияның 50 пайызын таза қуат көзінен алуды жоспарлап отырмыз.

Орталық Азия мемлекеттері арасында алғаш рет өтіп отырған бас қосуға еліміздің Энергетика министрі Қанат Бозымбаев та тыңғылықты дайындалған. Министр алдағы уақытта көмірге деген сұраныс саябырси түсетіндігін жеткізіп, сандарды да сөйлетті.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:                                                                 

-Көмірге деген сұраныс әлем бойынша 5,6 млрд тоннадан 2050 жылы 2,4 млрд тоннаға дейін азаяды. Күн мен жел электр бекеттерінен өндірілетін қуатқа сұраныс 10 есеге артады. Сатылымға шығарылатын көліктердің 70 пайызы электромобильдер болады.

Екі күнге созылатын конгресте отандық ғалымдар да ғылыми жобаларын жан-жақты паш етті. Мына жаһандану заманында тыңға түрең салған тың технологиялар кім-кімді болмасын бей-жай қалдырмасы анық. Солардың бірі – мына қуат көзін үнемдейтін құрылғы. Шығыс Қазақстан Мемлекеттік техникалық универсиетінің қызметкерлері қуат көзін 30 пайызға дейін үнемдейтін құрылғы ойлап тапқан. Бастама бүгінде Үлбі металлургия зауында сәтті жүзеге асырылып жатқан жобалардың қатарында.

Аманжол Тұрлыбеков Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ғылыми қызметкері:                                                                                             

-Бұл жезді байыту құрылғысының маңызы зор. Және соның көптеген жақсы ерекшеліктері бар. Соның біріне айта кетсем, бұл құрылғы қуат көзін үнемдеуге арналған және де өзінің мақсаты – жезді дезинтеграциялау. Сол мақсатын толықтай өтеп отыр.

Елдар Бақпаев, тілші:

-Мына шағын ГЭС ауылдық елді мекендерді арзан электр энергиясымен қамтамасыз етуге қауқарлы. Жаңашылдықты жүзеге асыруға ағынды су болса жеткілікті. «Осы арқылы электр энергиясын сырттан тасымалдау түйткілін оңынан шешуге болады», – дейді отандық өнертапқыштар.

Профессор Жүзбай Қасымбеков жобасы қолдау тапса, қыруар қаржы үнемдеуге болатындығын айтады. «Жасыл экономикаға бет бұрған біздің ел үшін осы тақылеттес бастамаларға басымдық берген жөн», – дейді ол.

Жүзбай Қасымбеков, профессор:                                                                                

-Шағын гидроэлектрлі станция. Оның басқалардан пайдалысы – су тазалауға кететін шығындар 25-30 пайыз. Біз осы шығынды 7 пайызға түсіріп отырмыз.Осының арқасында қазіргі салынып жатқан гэстердің 1 мегаваты 1 млн доллар есебінде тұрса, біз оны 1 мегафатты 600-700 мың долларға түсіреміз.

Конгрес аясында 300-ден астам баядама оқылып, 80-нен аса ғылыми тұсаукесер жасалады деп жоспарланған. Тараптар энергетикалық эволюция мәселесін ертеңде сүзгіден өткізетін болады.

Авторлары: Елдар Бақпаев, Ануар Тәуеклов

Хабар 24 телеарнасы