«Синьхуа» тілшісі: EXPO-дағы Қазақстан павильоны қатты ұнады

«Көмек көрсетуге дайын тұратын қайырымды адамдар, достыққа негізделген тыныс-тіршілік, сонымен қатар ару Астана. Қазақстанның бас қаласы ЕХРО-ны өткізуге әбден лайықты таңдалған».

Бұл Қытай журналисі Чжан Цзиенің пікірі. Аспанасты еліндегі ең ірі ақпараттық агенттік саналатын «Синьхуа» тілшісі елордадағы мамандандырылған халықаралық көрмені түгел аралаған. Ашылу салтанатының қарсаңында келген бір топ репортер қатарында болған Чжан Цзие ұйымдастыру комитетіне жоғары баға беріп, әсіресе журналистердің сапалы жұмыс істеуіне жағдай жасалғанын айтады.

Чжан Цзие, журналист: 

- Бұл шынында да керемет көрме. Мен көптеген павильондарды араладым, әсіресе Түркия, Әзербайжан, Жапония есте қалды. Планета пішіндес Қазақстан павильоны қатты ұнады. Келісті етіп жасаған екен. Тіпті есте қаларлық деп те айтар едім. Сондықтан да шығар, онда үнемі саяхатшылар кезекте тұрады. Жиырма күнде Астананың ЭКСПО-сын жарты миллион адам тамашалапты. Бұл үлкен жетістік. Келушілер қатары арта түсетіні анық.