EXPО қалашығында Астана күні тойланып жатыр

Бүгін ЭКСПО қалашығында Астана күні тойланып жатыр.

Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған отандастарымыз бен шетелдік саяхатшылар «Нұр Әлем» кешенін аралап, ондағы үздік жобалармен танысты. Шара қонақтары ең көп баратын бұл кешен бүгінде адамға лық толы. Тіпті келушілер ғимаратты аралау үшін ұзын-сонар кезекке тұрды.

ЭКСПО ашылған күннен бастап 2 шілдеге дейінгі аралықта шамамен 592 мың адам көрме кешенін аралаған. Келушілер ең көп тамашалайтын павильондардың қатарында «Нұр Әлем» көш бастап тұр. Саяхатшылардың мұншалықты қызығушылығы айтпаса да түсінікті. ЭКСПО-ның бойтұмарына айналған бұл кешен әлемдегі шар тәріздес ғимараттардың ең үлкені.

Джафар Мохаммад Сигаруди, EXPO қонағы (Иран):

Мен Ираннан келдім. ЭКСПО көрмесі өте қызықты. Әсіресе Қазақстанның павильоны қатты ұнады. Көруге тұрарлық жобалар көп екен. Сіздердің елдеріңіз көрмені өте жоғары деңгейде ұйымдастырған. Қалаларыңыз да көрікті. Астананың болашағы зор деп айта аламын.

8 қабаттан тұратын «Нұр Әлем» кешенінде су, жел, күн, биомасса ,тіпті кинетикалық және ғарыш энергиясының жобалары қойылған. Ал 1-8-қабаттарда еліміздің тарихы мен салт-дәстүрі жөнінде кеңінен мағлұмат алуға болады. Баламалы қуат көздерінің ошағына айналған Астанаға шетелдіктер түгілі, отандастарымыз да тамсанып отыр. Тіпті қуаныштан көз жасына ерік бергендер де бар.

Шолпан Қоңырбаева, Ақтау қаласының тұрғыны:

– ЭКСПО-ға бүгін бірінші рет келіп отырмын. Мен елімнің патриоты болғандықтан, еліміздің «жасыл энергия», «жасыл технологиясының» қалай дамығанын көрейінші деп, ең бірінші өзімнің Қазақстанымнан бастадым. Өте үлкен әсерде тұрмын.

Айымтөре Жеңісбайқызы, Алматы қаласының тұрғыны:

– Астана күні құтты болсын бәрімізге. Бұл мереке жалғыз Астананың мерекесі емес, қазақ халқының мерекесі. Оның ішінде ЭКСПО көрмесіне келіп, мына тамаша дүниелерді көрдім. Өзім тіпті сенбей тұрмын, өте тамаша! Сөзім жетпейді. Соншалықты біздің дамығанымыз, жетілгеніміз өте тамаша.

Бәуелхан Күрішбек, қала қонағы:

– Туған жерім деп Астанаға әдейілеп келіп тұрмын. Көркейген екен. Қаласы үлкен әдемі. Өзім шықпағанмын. ЭКСПО-ны көрейін ел келген жерді көрейін деп келіп тұрмын.

Астана күні қарсаңында еліміздің әр аймағынан жиналған халық ЭКСПО көрмесіне асыққан сыңайлы. Оны ұзын-сонар кезектен аңғаруға болады. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін көрме кешенін аралап жүр. Келушілер 3D фильмді де тамашалап, 19 жасқа толған елорданың болашақтағы көрінісіне де саяхат жасады

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Ержан Қанапияұлы