ЭКСПО-дағы Сингапур павильоны озық технологияны жұрт назарына ұсынды

ЭКСПО қалашығында Сингапур елінің ұлттық күні аталып өтті. Аз уақытта экономикасын тіктеп әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналған мемлекет жұртшылыққа озық технологияларын ұсынды.

Сингапур ұлтарақтай жері болса да ұлы державалармен иық тірестіріп отырған мемлекет. Аумағы Астанамен шамалас елдің экономикасы қарыштап дамыған. Алайда, табиғат ресустары шектеулі. Сондықтан болар, қала мемлекет тәуелсіздігін алған жылдардан бастап, баламалы энергия көздеріне иек артып, инновацияны дамытуды қолға алған. 

Ко По Кун, Сингапур Республикасының Сауда және өнеркәсіп аға министрі:

- Сингапур мұнай мен газ қорының жоқтығына қарамастан ірі ойыншылардың бірі. Біз Джуронг аралын әлемдегі ең ірі мұнай химиясын өңдеу зауыттарының біріне айналдырдық. Сингапур  -  шағын мемлекет. Мұнда өзекті мәселелер де жоқ емес. Оларды шешу мақсатында әрдайым жаңа идеяларды жетілдіріп, жиі сынақтан өткізіп отырамыз. Қазіргі таңда әлемнің алпауыт мемлекеттерінің біздің елге ерекше қызығушылық танытуы да сондықтан деп ойлаймын. 

«Арал-мемлекет» атанып кеткен Сингапур әлем назарына үздік жобаларын ұсынып жүр. Мәселен, әлемдегі ең үлкен жерасты салқындату жүйесі елдің «Марина Бей» қаржы орталығында орналасқан. Салқындатылған су ғимараттарға жіберіледі. Осылайша, тұтынушылар қуат көзін 40 пайызға дейін үнемдей алады. 

Ахметжан Есімов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

- Сингапурда қысы-жазы күн ыстық. Ауа райы ылғалды келеді. Осы мәселені шешу үшін ғимараттың ауасын салқындату жобасын ойлап тапқан. Қазір бұл әдіске қызығушылар көп. 

Қос ел арасындағы достық қарым-қатынас 1993 жылы орнады. Содан бері Қазақстан мен Сингапур алыс-берісті нығайта түсті. Статистикаға сүйенсек, өткен жылы сауда айналымы 23 млн Сингапур долларын құраған. Бұл енді былтырға қарағанда, бірнеше есеге көп. Мамандардың айтуынша, ЭКСПО көрмесінен кейін көрсеткіш еселене түспек.  

Авторлары: Әсел Тұмашқызы, Ерзат Зайытхан