385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мамандар Атырауда белсенді экономикалық өсімді болжап отыр

  • 687
  • UPD: 16:07, 02.08.2017

Ел экономикасының артуына Атырау облысы сүбелі үлес қосып келеді. Сондықтан бұл өңірді «республикалық бюджетті толтырудағы басты донор» деуге де болады. Бұл әрине көмірсутегінің тұрақты түрде алынып, қайта өңделуімен тікелей байланысты.

Соңғы уақытта өңдеу өнеркәсібінде де тұрақты өсім байқалады. Ал мұнай-газ саласы экономиканы қалыптастыруда маңызды рөл атқарып отыр.

Атырау облысының дамуына мұнай мен газ серпін беріп отыр. Бұл салалар аймақтың ғана емес, республиканың экономикасын алға сүйреп келеді. Ал өндірісті әртараптандыру жобасы аясында қалдықтарды шикізат көзіне айналдыру үрдісі пайда болды.

Атыраудың машина жасау зауыты өңірдегі бірегей өндіріс ошағы. Мұнда мұнай-газ өнеркәсібіне қажетті қондырғылардың сан алуан түрін жасап шығарады. Жасыратыны жоқ, осыдан бірнеше жыл бұрын мұндай жетістікті ешкім көз алдына да елестетіп көрген жоқ.

Александр Донсков, «Атыраумұнаймаш» зауытының директоры:

– Өткен жылы біз бірнеше мұнайхимиялық кешенді қондырғылармен жабдықтадық. Олардың бәрі бұрын алыс шетелден жеткізілетін. Бұл істі биыл да жалғастыратын боламыз. Біздің ары қарай дамуымыз үшін Қазақстанның даму банкі қаржыландырды. Бүгінгі күні тағы екі өндірістің құрылысын бастадық. Ол ыстық мырыштау және бұйымдарды ұсталық баспақтау цехы.

Машина жасау, ауыр және жеңіл өнеркәсіп, аграрлық сектор, азық-түлік өндірісі. Соңғы бірнеше жылда бұл салаларда да аймақтың нарығын жаулап, өз өнімдерін шетелге шығарып жатқан ірі инвесторлар пайда болды.

Айгүл Әжіғалиева, облыс әкімінің орынбасары:

– Облыстың кәсіпорындары еліміздің экономикасының дамуына үлкен сүбелі үлес қосып отыр. Бүгінгі күні өнеркәсіп өнімінің көлемі бойынша республикадағы үлесіміз 28-29 пайыз. Өңіріміздің экономикасының дамуының негізгі көзі мұнай мен газ болғанымен де, экономиканы әртараптандыру аясында басқа да салаларға үлкен көңіл бөліп отырмыз.

Дегенмен мұнай-газ саласы – экономиканың күретамыры. Облыста отандық және шетелдік инвесторлардың қатысуымен бірнеше ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Атап өту керек, отандық компаниялар жаңа технологияларды енгізумен қатар өздерінің де жобаларын жетілдіреді. Мәселен, «Эмбамунайгаз» компаниясы жұмысты анағұрлым жеңілдететін интеллектуалды кен орны жобасын ойлап тапты. Бұл компания шығындарын азайтып, мемлекет қазынасын толтырады. 

Әнуар Жақсыбеков, «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы:

Соңғы төрт жылда біз салық түрінде республикалық және жергілікті бюджетке 625 млрд тенге бөлдік. Атырау облысының инфрақұрылымын дамытуға 1,7 млрд. тенгеден астам қаржы бөлінсе, демеушілік және қайырымдылық шараларына 1,7 млрд бағыттадық. Біз өндірісті дамыту жолында үздіксіз жұмыс істеп келеміз. Келешекте ілеспе газды толығымен тоқтатуды көздеп отырмыз. Бұған өндіріске енгізілген жаңа технологиялардың арқасында қол жеткіземіз.

Мамандар алдағы уақытта өңірде белсенді экономикалық өсім болады деп болжап отыр. Қолданыстағы өндірістердің ауқымы кеңейіп, жаңа кәсіпорындардың қатары көбеймек. Мәселен, мұнай-химия технопаркі сондай жаңа жобалардың бірі. Тың жоба іске асқанда аймақтағы инновациялық өндірістердің негізгі қозғаушы күшіне айналады.

Хабар 24 телеарнасы