Маңғыстаулықтар EXPO көрмесі жайында деректі фильм түсірді

Фото: chi-athenaeum.org

Жуырда маңғыстаулық этномәдени бірлестік мүшелерінің EXPO 2017 көрмесіне барған сапары туралы деректі фильм жарыққа шығады.

Ұзақтығы 15 минуттық туындыда бірлігі жарасқан 120 ұлт өкілінің тұтастығы мен Маңғыстаудың Астанадағы мәдени күндері аясында өткен концерттік бағдарламаларынан үзінділер көрсетіледі. Сондай-ақ олардың жаһандық көрме павильондарын тамашалаудан алған әсерлері, фотосуреттері мен БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттары бөлек кітап болып басылып шығады.

Айта кетейік, 15 және18 тамыз күндері елордада «Қарт Каспийден сәлем ал, ерке Есіл» атты Маңғыстау облысының мәдениет күндері өткен болатын. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шараларға бас-аяғы 700 өнерпаз қатысты.

Амангүл Жайылханова, облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы:

– Маңғыстауда жүріп, тек теледидардан көрген болсақ, өз көзімізбен көрген кезде басқа бір әлемге барғандай сезімде болдық. Біздің тарихымызда осындай шара бірінші рет болып отыр. Бүкіл қазақстандықтар үшін көруге тұрарлық көрме деп ойлаймын. Алыс-жақын шетелдерден келген қонақтардың қандай қуанышпен және де біз Қазақстанның жетістіктеріне қызыға қарағанына куә болдық.