385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан мен Оман Сұлтандығы арасындағы тауар айналымы төмендеп кетті

  • 1177
  • UPD: 14:34, 31.08.2017

Қазақстан мен Оман Сұлтандығы арасындағы тауар айналым қара алтын құнының құнсыздануына байланысты төмендеп кетті.

Омандықтар туризм саласын жандандырып, жаһандану заманында жан-жақты дамуға ниетті. Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасының Оман Сұлтандығындағы төтенше және өкілетті елшісі Ержан Мұқаш брифингте мәлімдеді. БАҚ өкілдеріне арналған баспасөзде 2 елге қатысты ақпараттар қаузалды. Ресми мәліметке сүйенсек, Оман Сұлтандығына Қазақстаннан қой-ешкі, астық, түрлі металдары экспортталады екен. Осы орайда Оман елі Қазақстанмен транзиттік әлеуетті де ерекше дамытуға ниетті.

Ержан Мұқаш ҚР Оман Сұлтандығындағы төтенше және өкілетті елшісі:

– Оман сұлтандығы ең алғаш болып Араб елдері арасында біздің тәуелсіздігімізді мойындаған. Олар қазір басқа саланы да дамытуға қадам басты. Атап айтқанда туризмді дамытып жатыр. Оманның өзге Араб елдеріне қарағанда, орналасқан жері өте маңызды. Араб түбегінің оңтүстігінде орналасқандықтан бүкіл порттарының барлығы Үнді мұхитына шығып жатыр.

Жиында Қазақстан Республикасының Вьетнамдағы төтенше және өкілетті елшісі Бекетжан Жұмаханов та атқарылған ауқымды жұмыстар жайлы баяндады. «2014 жылы Вьетнамда ашылған елшілігіміз бүгінде жүйелі жұмыс істеп отыр», – дейді дипломат. Мысалға 2016 жылы Вьетнамға Қазақстаннан экспортталған тауардың құны 167,4 млн доллардан асып, рекордтық көрсеткішке жеткен. Елші бұрын бұл айналым небәрі 7-10 млн доллардан аспағандығын айтты. Вьетнам негізінен Қазақстаннан қорғасын, мырыш сынды металдарды сатып алады. Ал олар бізге түрлі техникалық аппараттар мен теңіз және жеңіл өнеркәсіп өнімдерін саудалайды.

Бекетжан Жұмаханов, ҚР Вьетнамдағы төтенше және өкілетті елшісі:

– Бізге көліктік логистиканы жүйеге келтіру қажет. Вьетнамдықтар Еуразиялық Экономикалық Одақ аясында теңіз арқылы жұмыс істейді. Осылайша олар өз тауарларын 45-50 күн аралығында Санкт-Петербургке дейін жеткізеді. Бізге Солтүстік Вьетнам өте тиімді. Оларда бұл ретте 2 бағыт бар. Біз Қазақстан арқылы Еуропаға шығуды көздеп отырмыз.

Хабар 24 телеарнасы