382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Этномәдени бірлестіктер ел экономикасының дамуына үлес қосып келеді

  • 920
  • UPD: 17:51, 07.09.2017

Еліміздегі этномәдени бірлестіктер түрлі ұлттың дәстүрін жаңғыртып қана қоймай, экономиканың дамуына да айтарлықтай үлес қосып келеді.

Өйткені тарихи отанымен байланысы жақсы жерлестеріміз Қазақстанға қажетті тәжірибені әкеліп жатыр. Оның ішінде жаңа технология мен заманауи жобалар бар.

Пауль Кироль Қазақстанда дүниеге келген. Ал 90-шы жылдардың ортасында Қазақстандағы басқа немістермен бірге тарихи отанына қоныс аударды. Содан бері еліміздің ауыл шаруашылығына қажетті германиялық техникаларды жеткізумен айналысады.

Пауль Кироль:

- Мен осында туып-өстім. Сондықтан барлық саланы және оған қажетті құрал-жабдықтарды жақсы білемін. Ал Германия оны өндіруде әлемнің үздігі саналады. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, өз туған жеріме қолдан келгенше көмектесуді жөн көрдім.

Кейіпкеріміз сияқты тарихи отанына көшсе де, туған отанына қол ұшын беріп, экономиканы ілгерілетуге титтей де болса үлес қосып жүргендер өте көп.

Ләззат Құсайынова, ҚХА Астана қалалық хатшылығының жетекшісі:

- Қазақстанның қарқынды дамып жатқан экономикасын көріп, елімізге кәсіпкерлер де көптеп тартыла бастады. Оның ішінде осында туғандар жетерлік. Сонымен қатар қазір өтіп жатқан EXPO көрмесі аталған бағытты дамытуға жақсы серпін берді. Мәселен біздің этномәдени бірлестіктер Польша, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты елдердің ұлттық күндеріне қатысып, ол жақтың мамандарымен тілдесті. Әртүрлі бірлескен жобаларды талқылады.

Қазір Астанада 24 этномәдени бірлестік бар. Оның мүшелері өзінің тарихи отанындағы бауырларымен тығыз қарым-қатынаста. Сарапшылардың айтуынша, мемлекет жүргізіп отырған сарабдал саясаттың арқасында көпұлттылық тек рухани жаңғыруға ғана емес, экономиканы дамытуға да оң әсер етіп жатыр.

Авторлары: Гульнара Хасан, Асхат Каракойшиев

Хабар 24 телеарнасы