384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысының ауыл кәсіпкерлері тың жобаларды қолға алды

  • 612
  • UPD: 09:47, 08.09.2017

Мәртөк ауданының тұрғыны марал шаруашылығын ашып, шипажай кешенін салып жатыр.

Бұрын өңірде болмаған кәсіпті игеру үшін біраз ізденіпті. Шығыс Қазақстан облысына барып, сондағы шаруашылықпен танысып қайтқан. Бұдан бөлек, аудан азаматтары ұнды да өздері шығара бастады.

Күндіз-түні тынымсыз жұмыс істеп тұрған диірмен сағатына 700 келі ұн дайындайды. Ресейден әкелінген қондырғы толықтай автоматтандырылған. Кәсіпкер Серғали Үсенов осыдан бірнеше жыл бұрын нан зауыты мен кондитерлік цех ашады. Ұнды Ақтөбе мен көрші облыстардан тасымалдайды. Ойлана келе ауылда диірмен ашуды көздейді. Жобасы сәтті іске асып, өзі шығарған ұннан өнім дайындап отыр. Артылғанын сатады.

Серғали Үсенов, кәсіпкер:

Бидайды жергілікті шаруалардан сатып аламыз. Шаруа қожалықтары мен фермалар жинаған өнімдерін әкеліп тапсырады. Оларға дайын ұн жасап береміз, бидайдың қалдығынан мал азығын дайындаймыз. Барлық шикізатты пайдаланамыз.

Ал кәсіпкер әйел Бану Тілегенова өңір үшін тың жобаны қолға алды. Казанка ауылының маңынан сауықтыру кешенін салып жатыр. Мұнда маралдың мүйізінен алынатын қанмен емдейтін шипажай болады. Аудан 2 гектарға жуық жер берген. 150 бас маралды Шығыс Қазақстан облысынан әкеледі. Кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы 150 млн теңге жеңілдетілген несие алған.

Бану Тілегенова, кәсіпкер:

– Субсидиямен алып жатырмыз, өзіміздің де жинағымыз жұмсалуда. Құжаттар дайын, маралдарды таңдап, карантинге қойдық. Жуырда анализ қорытындысы шығады, сосын алып келеміз. Марал өте төзімді. Қыста да далада жүреді.

Сонымен қатар аудан электр қуатымен де өзін-өзі қамтамасыз етпек. Тәңірберген ауылдық округінде жел қондырғысы орнатылып жатыр. Жергілікті инвестор 19 млн теңгеге қажетті жабдықтарды сатып алған.

Нина Роленко, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

Бұл қондырғының қуаттылығы 500 кл/в болады. Жылына шамамен 1 млн кв/в электр қуатын өндірсе, ішкі сұранысты қамтамасыз етеді. Қазір нысанның іргетасы қаланып, қондырғыны монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Жыл аяғына дейін іске қосылады.

Ауданда жыл басынан бері 17 кәсіпкерлік нысан ашылған. Алдағы жылға да жоспарлар жетерлік. 2 жылыжай, 1 кемпинг, ірі сүт-тауарлы ферма салынып жатыр. Олардың бәрі мемлекеттік бағдарламаның қолдауымен іске асады.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы