378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан мен Латвия арасындағы тауар айналымы 20%-ға артқан

  • 464
  • UPD: 19:49, 19.10.2017

Латвия астанасында Үрімші-Алтынкөл-Рига-Роттердам бағытында Қытайдан келген бірінші контейнерлік пойызды салтанатты түрде қарсы алды.

Бұл жоба «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Латвия мен Қазақстан арасындағы келісімнен соң жүзеге асып отыр.

Латвия жаңа Жібек жолының бір бөлігіне айналды. Енді осы ел арқылы контейнерлік пойыз Қытайдан Еуропаға қатынап жүреді. Бір аптада 6 мың шақырым жолды өткен алғашқы пойыз Риганың теңіз айлағына тағамдық қоспалар тиелген 41 контейнерді жеткізді. Осы жерден тауар Роттердамға жөнелтіледі. Ал теңіз арқылы тасымалданса бір жарым ай уақытты алатын еді. Жаңа бағыттың ашылуы төрт елдің жемісті жұмысының нәтижесі болып отыр.

Эдвинc Берзиньш, Латвия теміржолының президенті:

- Бұл жоба елдер арасындағы өте жақсы өзара байланыс пен ынтымақтастықтың арқасында жүзеге асып отыр. Қарасаңыз,  платформалар Қазақстан теміржолынікі, контейнерлер Ресей теміржолдарының еншілес кәсіпорны «ТрансКонтейнерден», ал ішінде – Қытай елінің тауары. Мұның барлығы Латвия арқылы Еуроодаққа барады. Бұл бірнеше елді біріктірген маңызды жоба.

Латвия Қазақстан үшін Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік контейнерлерді тасымалдауға арналған логистикалық орталыққа айналды. Жаңа теміржол бағыты қыркүйек айының соңында Балтық республикасының президенті Раймонд Веонис және еліміздің вице-премьері Асқар Маминнің қатысуымен телекөпір арқылы іске қосылған еді.

Улдис Аугулис, Латвияның көлік министрі:

- Бұл – қысқа мерзімде жүзеге асқан Қазақстан мен Латвияның арасындағы жақсы жоба. 2020 жылға дейін тасымалданатын контейнерлер санын 200 мыңға жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл бірлескен жұмысымыздың үлкен нәтижесі болмақ.

Екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастарда осы жобаның маңыздылығын Қазақстанның Латвиядағы елшісі де атап өтті. Жаңа контейнерлік пойыздың арқасында болашақта тауарайналым көлемі екі есе артады.

Бауыржан Мұхамеджанов, Қазақстанның Латвиядағы елшісі:

- Былтырғымен салыстырғанда 2017 жыл тұрақты өсім көрсетіп жатыр. Қазақстан мен Латвия арасындағы тауарайналым биыл 20%-ға артты. Ал екі ел арқылы өтетін транзиттік жүктер көлемі 40%-ға өскен. Бұл айтарлықтай жоғары көрсеткіш деп санаймын. Егер осы жоба жемісін берсе, тауарайналым 500 млн еуродан 1 млрд еуроға дейін артуы мүмкін.

Латвияның қыста суы қатпайтын үш теңіз айлағы бар. Бұл осы елдің логистикалық орталық ретіндегі тағы бір артықшылығы болып тұр. Бірнеше күннен соң жүк Балтық теңізі арқылы Роттердам портына жеткізіледі. Латвия мен Қазақстан енді осы бағдармен қытайлық тауарларды Еуропаға жүйелі түрде тасымалдауға ниетті. 

Авторлары: Марина Петрова, Сергей Самойлов

Хабар 24 телеарнасы