384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана» ХҚО инвестициялық мүмкіндіктері ҚХР-дың мемлекеттік және іскери ортасының өкілдеріне таныстырылды

  • 600
«Астана» ХҚО инвестициялық мүмкіндіктері ҚХР-дың мемлекеттік және іскери ортасының өкілдеріне таныстырылды ult.kz

«Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясат шеңберінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының (бұдан әрі – АХҚО) инвестициялық және қаржылық мүмкіндіктері мен Қытай Халық Республикасының «Бір белдеу – бір жол» бастамасы ҚХР мемлекеттік және іскери ортасының өкілдеріне таныстырылды. Таныстыру рәсімі ҚР-ның Қытайдағы Елшілігінің қолдауымен, сондай-ақ Шанхай қор биржасымен ынтымақтастықта өтті.

ҚР-ның ҚХР-дағы Төтенше және өкілетті елшісі Шахрат Нұрышев өзінің құттықтау сөзін арнап, АХҚО «100 нақты қадам» атты қазақстандық ұлттық бағдарламаның бір тармағы болып саналатындығын атап айтты.

«АХҚО биржасы акционерлерінің біреуі Шанхай қор биржасы болады. Өңірдегі капитал нарығының ең ықпалды әрі белді ұйымы болып саналатын Шанхай қор биржасы стратегиялық және технологиялық консалтингті ұсыну арқылы АХҚО-ның биржасын жетілдіруге ықпал етеді. Сондай-ақ бизнес-жоспарлау жүйесін қалыптастыруға, өнімдерді әзірлеу мен нарықты кеңейтуге жәрдемдеседі деп үміттенемін», – деді Ш.Нұрышев.

АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов АХҚО қызметі туралы ҚХР экономикалық және қаржылық ортасының өкілдерін хабардар етті.  Қайрат Келімбетов АХҚО-ның қатысушыларына посткеңестік кеңістікте теңдесі жоқ бірқатар артықшылық берілетіндігін, АХҚО-ның негізгі ерекшелігі ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген құқықтық жүйесінің болуында екендігін атап өтті.

ҚХР-дың «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасының аясында АХҚО өңірлік хабқа айналуды жоспарлап отыр. Бастаманың инфрақұрылымдық жобаларын қаржыландыру тетіктері АХҚО-ның биржасымен қамтамасыз етіледі.

Таныстыру рәсімінде сөз сөйлеген АХҚО-ның спикерлері қаржы орталығының барлық негізгі, соның ішінде капитал нарығы, исламдық қаржыландыру, жасыл қаржыландыру және қаржылық технологиялар сияқты стратегиялық бағыттар туралы кеңірек баяндап берді.

Қатысушылар таныстыру рәсімінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметіне үлкен қызығушылық танытты.

АХҚО делегациясының Қытайға сапары барысында АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов сондай-ақ Қытай Орталық банкінің, Қытай Даму банкінің және «Жібек жолы» қорының инвестициялық қорымен кездесті.

Анықтамалық ақпарат:

АХҚО. 2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру болып табылады. Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіледі. Қаржы орталығының ресми тілі ағылшын тілі болады.

АХҚО-ның міндеттері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету болып табылады. АХҚО сондай-ақ елімізде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ниеттенеді.

Хабар 24 телеарнасы