386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО мен Ресей арасындағы тауар айналымы жыл басынан бері 40 пайызға өсті

  • 662
  • UPD: 15:36, 30.11.2017

Батыс Қазақстан өңірі Ресейдің 5 бірдей облысымен шектеседі.

Қос ел арасын бөліп тұрған шекараның ұзақтығы мың жарым шақырымдай. Жыл басынан бері облыстың Ресеймен арадағы тауар айналымы 40 пайызға өскен. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Челябіде өткен өңіраралық әріптестік форумында «Ресеймен арадағы өңіраралық ынтымақтастық – ілгерілеп келе жатқан экономикалық өзара іс-қимылдардың негізі. Сондықтан Ресей біздің сыртқы саясаттағы сенімді серіктесіміз болып қала бермек» деген болатын.

Қоңыр күзде Астанамен арада алғаш рет «тальго» пойызы қатынай бастады. Жүрдек көліктің көмегімен жолаушылар 15 сағат уақытын үнемдейтін болды. Шекарадағы тексеріс тоқтағандықтан, Алматы бағытындағы сапар ұзақтығы да бір тәулікке қысқарды. Бұл да ел басшылары қол қойған келісімдердің оң нәтижесі. Тараптар трансшекаралық Жайық өзенінің экожүйесін сақтап қалуға әркез мүдделі. Сауда-саттық саласында да өсім бар.

Алтай Көлгінов, облыс әкімі:

- Тек біздің шекаралас Ресейдің өңірлерімен 10 млн халық тұрады. Ол үлкен нарық. Біздің кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар осы екі жақта тұратын халықтың арасындағы қарым-қатынастағы  кедергілерді жояды.  Бір ғана мысал, соңғы 3 жылда экономикалық одақ пайда болғалы біздің тауар айналымымыз осы одақ арасында 2 млрд доллар қаражаттан асып түсті. Ол мыңдаған кәсіпкерге мүмкіндік берсе, миллиондаған адам соның пайдасын көріп отыр.

Өңірде ресейлік әріптестердің қатысуымен ашылған 160 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Солардың бірі – осы «Желаев нан өнімдері комбинаты». Кластерлік үлгідегі кәсіпорынның бидай мен майлы дақылдар өсіретін өз егіс алқабы, ұн өндіретін өндірістік желілері бар.  Италиялық технологиямен жабдықталған жаңа фабрикада өнімнің 18 түрі шығарылмақ.

Эдуард Федорченко, нан өнімдері комбинатының директоры:

- Осы фабриканың қызметі бізге жаңа нарықтарды игеруге мүмкіндік береді. Әрине, бірінші кезекте жергілікті нарықтың сұранысын өтеуге күш саламыз. Қазір өнімдерімізге ресейлік тұтынушылар да қызығушылық таныта бастады. Дайын өнімді Ауғанстан, Түрікменстан және Тәжікстан елдеріне шығару да жоспарда бар.        

Халака Әмір, жабдықтаушы компания өкілі /Италия/:

- Жаңа технология біріншіден өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Қазір кептіруге арналған қондырғыларды орнатып жатырмыз. Жаңа желі автоматты түрде жұмыс істейді. Жуырда іске қосамыз.

Батыс Қазақстан мен Пенза облысы арасындағы келісімге сай ІT-технология, фармацевтика және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласындағы байланыстар беки түспек.

Алтай Көлгінов, облыс әкімі:

- Бізге олардың тәжірибесі өте қызық. Себебі бізде де Елбасы айтқандай ауыл шаруашылығы экономиканың драйвері болу керек. Сондай бірлескен кәсіпорындарды құруға бізге жақсы тәжірибе керек. Бірлескен кәсіпорындар болатын болса, Ресейдің нарығы біз үшін ашық. Ал Ресейдің нарығы өте үлкен. Әрине, бәсекелестікке де дайын болуымыз керек.

Талғат Серікқалиұлы, Twitter@T.Serikkaliuli_0104:

- Алыс-беріс пен барыс-келістің өсе түскені қос тарапқа да тиімді. Ескеретін тұс, әріптес елдермен арадағы тауар айналымы көлемінің 88 пайызы Ресей мемлекетіне тиесілі. «Бұл ретте бәсекелестікке төтеп беру – отандық бизнес өкілдері алдындағы жауапты міндет», – дейді сарапшылар.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы