389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 35 пайызға артты

  • 1049
  • UPD: 23:29, 16.12.2017

«Жол картасы» бағдарламасы екі елдің инвестициялық мүмкіндіктері мен туризмнің дамуына негіз болмақ.

Бұл туралы Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі  Тәуелсіздігіміздің 26 жылдығына орай өткізген  салтанатты жиында айтылды. Мерекелік кеште мәртебелі меймандар қазақ халқының жеткен жетістігін айтып, сан ғасырлық  байланыстың мәңгілік болуын тіледі.

Бұл күні Ташкенттегі Өзбекстан ұлттық академиялық драма театры нағыз бірліктің ордасына айналды. Көк бөрінің ұрпағы үшін қастерлі мерекеге жиналғандарды киелі мекен қазақы әуенмен қарсы алды. Салтанатты жиынға дипломатия өкілдері мен елшілер, Өзбекстанның қоғам қайраткерлері, танымал саясаткерлер мен қазақ диаспорасы және Оңтүстік Қазақстан облысының зиялы қауымы, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері келді. Тарихы сан ғасырларға астасып жатқан бауырлас мемлекеттер арасындағы саяси байланыс жыл өткен сайын ұлғайып, алыс-беріс артып келеді.

Ерік Өтембаев, Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Қазақ пен өзбек – бауырлас, тарихы тамырлас елдердің бірі. Осы жылдары үлкен жетістікке жеткенімізге қуанып жатырмыз. Биыл 2 миллиардқа жетіп жатқан тауар айналымы басқа елдерге де үлгі болып отыр. Соның арқасында туризм мен мәдениет саласында үлкен жобалар ашып жатырмыз.

Екі ел арасында тауар айналымымен қатар туризм саласы да дамып отыр. Саяхатшыларды маржандар қаласындағы тарихи орындарды аралатып, қазақтың ұлы даласындағы бабалар мекенімен қауыштыру үшін арнайы жобалар жасалған. Оған қоса Ташкент-Шымкент бағытында автобус жүрмек. Әуе байланысы жүйелі. Темір жол мен көліктік логистика тұрақты дамып келеді. Шекарадағы бақылау-өткізу бекеттерінің оңтайлануы тауар айналымы мен бизнеске жағдай жасап отыр.

Камолладдин Ишанходжаев, Өзбекстан ұлтаралық қатынастар комитеті төрағасының орынбасары:

- Өзбекстан мен Қазақстан Республикасы әлімсақтан бір-біріне өте жақын ағайын елдер десе болады. Бір жылдың ішінде екі мемлекет басшысының пәрменімен байланыс қарқынды дамыды. Біз сол көшбасшыларын қолдау, қуаттау арқылы талай белестерге бірге жетеміз.

Қазақстан мен Өзбекстан – стратегиялық мемлекеттер. Өйткені оңтүстіктегі көршімізге біз арқылы Еуроодаққа жол ашылады. Ұлы Жібек жолы қос тараптың ғана емес, Ораталық Азия елдерінің дамуына арқауы болып отыр. Биылдың өзінде мемлекет басшылары бірнеше маңызды кездесу өткізіп, ортақ саяси шешімдер қабылдады. Соның нәтижесінде екі елдің кәсіпкерлері қатысқан халықаралық бизнес форумда жалпы құны 1,2 млрд АҚШ долларына тең 75 келісімшартқа қол қойылды. Бүгінде Өзбекстанда 200-ге жуық бірлескен кәсіпорын еңбек етеді.

Шалатай Мырзахметов, қоғам қайраткері:

- Көршілес ағайын ретінде сонау бабалардан, ғасырлардан келе жатқан терең достықты ары қарай дамыта беру қажет. Бізге жылы ықылас, ниет көрсетіліп, көңілімізді көтеріп, өзіміздің елімізде мерекелеп жүргендей сезіндік. Ел бірлігі, ынтымағы, екі елдің ара қатынасы мәңгілік бола берсін!

Түбі бір туыс елдердің саяси һәм экономикалық және мәдени ықпалдастықтары жыл өткен сайын тереңдеп келеді. Ташкенттің төрінде қазақ өнерпаздарының өнер көрсетуі осы сөзіміздің айғағы болса керек. Қазақстанның Тәуелсіздігіне арналған мерекелік жиында «Орталық Азия Барысы» атанған мәңгілік елдің жетістігі айтылып, бауырлас елдердің мызғымас достығы дәріптелді.

Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Зафар Халилов

Хабар 24 телеарнасы