364,95 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Биткоин бағасы 25 пайызға арзандады

  • 495
  • UPD: 09:53, 18.01.2018

Осыдан бірнеше ай бұрын ғана 20 мың долларға бағаланған криптовалютаның құны кешегі түні 10 мың долларға дейін құлдырады.

Биткоин десе елең етпейтін интернет қолданушы елімізде кемде-кем қазір. Аталған криптовалютаның құны қысқа күнде қырық құбылса да, қалтасындағы қаражатын қиып сатып алып жатқандар аз емес. Тіпті көлік үй тәрізді мүліктердің бағасын биткоинмен белгілегендерді де көріп жүр. Жас кәсіпкер Ержан Әлімбеков те сол көшке ілесіп, тапқан табысын интернет валютаға құйыпты.

Ержан Әлімбеков, кәсіпкер:

- Біз әріптестерімізбен бірге бір жылдан аса уақыт бұрын биткоин сатып алған болатынбыз. Біз ол кезде биткоин бізге үлкен ақша алып келеді деп ойлаған жоқпыз. Бірақ уақыт өте келе баға өте жақсы көрсеткішке дейін өскен болатын. Біз сол кезде үлкен мүмкіндік көрген болатынбыз. Қазір біз не сатарымызды, не қолымызда ұстап отыратынымызды білмей отырмыз.

Қазір Ержан сияқты интернет-қаражатына алаңдаған қазақстандықтар аз емес. Сарапшы Әділбек Тоқаев нарықтағы қатысушыларды екіге бөледі: криптомиллиардерлер және басқалар. Оның айтуынша, алғашқы топтың өкілдері негізінен Азия елдерінде тұрады. Сондықтан бұл аймақтың нарыққа ықпалы күшті. Қазір сары құрлықтағы бірнеше мемлекетте криптовалюта атаулыға тыйым салынып жатыр. «Бұл да биткоин бағасына тікелей әсер етеді», – дейді маман.

Әділбек Тоқаев, сарапшы:

- Биткоин бағасы психологиялық деңгейге, яғни 20 мың долларға жетті. Нарықтың ірі ойыншылары өздерінің криптоактивтерін жоғары бағамен сата бастады. Сәйкесінше баға төмендеді. Криптомиллионерлердің саны Оңтүстік-Шығыс Азия мен Қытайда өте көп. Жақында Оңтүстік Корея билігі криптовалюталарды қолдануға тыйым салды. Қытайдағы жағдай да осыған ұқсас. Осының барлығы айналып келгенде нарыққа өз әсерін тигізіп отыр. 

Маманның айтуынша, қазір криптовалюта нарығында болып жатқан өзгерістер – маусымдық құбылыс. Яғни жыл сайын осы мезгілде, яғни Азия елдерінің күнтізбесі бойынша жаңа жыл жақындағанда биткоин айтарлықтай арзандайды екен. «Ал бұл жолы бағаның қалай құбылатынын болжау қиын», – дейді сарапшы. Криптовалютамен айналысудың тәуекелге толы іс екенін өткен жылдың күзінде Ұлттық банк жетекшісі Данияр Ақышев та ескерткен болатын. Алайда қолындағы қаражатын интернет активке айналдыруға асыққандардың саны азаяр емес.  

Авторлары: Н.Н., Ғани Алшынбаев, Ерзат Зайытхан

Осы категория бойынша: « «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акцияларының бақылау пакеті мемлекеттің иелігінде қалады Америкалық кәсіпкерлер Қазақстанда бизнес жүргізудің қыр-сырымен танысты »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы