384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үкімет отырысында 145 инвестициялық жобаның тізімі бекітілді

  • 1217
  • UPD: 19:36, 27.02.2018

Қазақстан Қытай, Түркия елдерімен бірнеше ірі жобаларды жүзеге асырмақ.

Бұл туралы Үкімет отырысында белгілі болды. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, қазір 145 инвестициялық жобаның тізімі бекітілген.

Жеңіс Қасымбек бастаған министрлік пен «ҚазақИнвест» акционерлік қоғамы жүзеге асырылуы тиіс жобалардың тізімін жасап, нақты жоспарда құрған. Бұл ретте еліміз Түркия, Қытаймен қатар өзге де өркениеті өрге озған елдермен серіктестікті нығайтуға мүдделі. Осы орайда қолға алынған бизнес бастамалар 35 мың адамды жұмыспен қаптып, кәсіптен нәсіп табуға пәрмен бермек. Жобаның жалпы құны 48 млрд АҚШ долларын құрайды.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

- Қазақстан – Қытай ынтымақтастығы аясында жалпы сомасы 27,7 млрд доллар болатын 51 жоба іске асырылуда. Қазіргі уақытта 140 млн доллар болатын 4 жоба іске қосылды. Биыл Қытай капиталының қатысуымен 5 жобаның құрылысы басталады. Ондағы инвестиция көлемі 623 млн долларды құрайды.

Түркия – еліміздің сенімді серіктесі, стратегиялық әріптесі. Сондықтан  «Жаңа синергия» бағдарламасының таңдалуы да кездейсоқ емес.

Тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолында 26 жобаны жүйелі жүзеге асыруды көздеп отыр. Биыл құны 1,6 млрд АҚШ дорллары болатын 15 жобаның құрылысы басталмақ. Бұдан бөлек 3 млрд доллардың 23 жобасын іске асыру жоспарда бар.

Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда Алматы, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Астана, Алматы қалалары, сондай-ақ Қостанай өңіріне басымдық берілген.

Сапарбек Тұяқбаев, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

- Өңірлерден осы тізімге қосымша жаңа 36 жоба ұсынылып отыр. Аталмыш жобалар бойынша ағымдағы жылы құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау және іске қосу жоспарланды. Мысалы, Павлодар және Атырау облыстарында – 7 жобадан, Ақтөбе және Алматы облыстарынан – 5 жобадан, Ақмола, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарынан – 2, басқа облыстардан 1 жобадан ұсынылып отыр.

Осы орайда елімізге инвесторларды тарту жолында визалық, көші-қон мәселесі, салық және кеден заңнамасын жетілдіру бойынша жұмыстар  әлі де жалғасатын болады.

Авторлары: Әсел Тұмашқызы, Ғани Алшымбаев

Хабар 24 телеарнасы