389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бес әлеуметтік бастаманы іске асырудың жол картасы әзірленді

  • 864
  • UPD: 13:38, 13.03.2018

Мемлекет басшысы жариялаған 5 әлеуметтік бастаманы орындау үшін Үкімет жол картасын әзірледі.

Оны жүзеге асыру үшін онға жуық заң жобасы бекітілмек. Сондай-ақ Үкімет 6, ал Ұлттық банк 3 қаулы дайындауы қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдеді. Оның айтуынша, халықты баспанамен қамтуға арналған «7-20-25» бағдарламасының орындалуына Ұлттық банк жауапты болып бекітілді. Сондай-ақ министр осы жылдың шілде айына дейін банк жанынан арнайы еншілес ұйым құрылатынын мәлімдеді. Ол барлық ипотекалық несиелерді сатып алумен айналысады. Сонымен қатар Үкімет отырысында газдандыру мәселесі де сөз болды. Бұл бағытты жүзеге асыру еліміздің Энергетика министрлігіне жүктелді.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:  

- Аталған бағыт «Сарыарқа» магистральдік газ құбыры құрылысының бірінші кезеңінің құрылысына шоғырланған. Жобаны қаржыландыру схемалары және шарттары маусым айында айқындалатын болады. Еуропа қайта құру және даму банкі, Еуразия даму банкі және басқа да халықаралық қаржы ұйымдарының қаражатын тарту жоспарлануда. Әкімдер маусым айында магистральді газ құбыры желісі бойынша жер учаскелерін бөлетін болады. Жобаның басталу салтанатының күні ағымдағы жылғы шілдеге белгіленген. Газ құбырының құрылысын аяқтау келесі жылғы желтоқсанға жоспарланған.

Хабар 24 телеарнасы