387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Самұрық-Қазына» активтері Шанхай қор биржасында таныстырылды

  • 615
  • UPD: 21:39, 11.04.2018
«Самұрық-Қазына» активтері Шанхай қор биржасында таныстырылды

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры 215 активін бәсекелес ортаға беруді жоспарлап отыр.

Осы мақсатта активтерін Шанхай қор биржасында таныстырды. Жиын жекешелендіру бағдарламасын жүзеге асыру аясында қолға алынған. Шарада қорға қарасты компаниялардың даму қарқыны, бәсекелестік артықшылықтары өңірлік және жаһандық нарықтың шарттары жайлы кеңінен баяндалды. Қордың 9 ірі компаниясының жетеуін ІРО арқылы жекешелендіру мақсаты тұр. Олар 2020 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Бірінші кезекте «Қазақтелеком», «Эйр Астана» және «Қазатомөнеркәсіп» үлесін сату көзделген. Кейін «Самұрық-Энерго» және «Қазмұнайгаз», үшінші толқын аясында «Қазпочта» және «Қазақстан темір жолы» компанияларындағы үлесі сатылады. Жоспар бойынша екі актив «ТауКен Самұрық» және Qazaq Air стратегиялық инвесторлардың иелегіне өтеді. «Самұрық-Қазына» басшылығының пікірінше, жекешелендіру қордың даму стратегиясын жүзеге асыруда айрықша маңызға ие.  Әсіресе компаниялар тобының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, корпоративтік басқару сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Стратегиялық инвесторлармен орнатылған әріптестік арқылы кәсіпорындар үшін жаңа технологиялар қолжетімді болмақ.

Ахметжан Есімов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы:

- Қордың және оған тиесілі компаниялардың дамуы Қазақстандағы оң өзгерістердің негізінде жүзеге асырылып отыр. Үкімет мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтып, ондағы жеке секторды белсенді түрде дамытуда. Сондай-ақ экономиканы жаңғыртуда зор табыстарға қол жеткізуге мүмкіндік алды. Мен біздің қытайлық әріптестерді «Самұрық-Қазынаның» мұнай мен газ, көлік пен логистика, тау-кен, телекоммуникация салаларындағы жобаларға белсенді түрде инвестиция салуға шақырамын.

Хабар 24 телеарнасы