389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана-1» ақпараттық жүйесі ел бюджетіне 12 млрд теңге пайда түсірмек

  • 674
  • UPD: 20:00, 24.04.2018

«Астана-1» ақпараттық жүйесі биыл ел бюджетіне 12 млрд теңге пайда түсірмек.

Ал 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 20 млрд теңгеден асады. Автоматтандыруды енгізу азаматтардың бұған дейінгі брокерлік бағдарламаларға, кедендік брокерлердің қызметтеріне және уақытша сақтау қоймаларына жұмсаған шығындарын айтарлықтай азайтады. Бірінші сәуірден бастап импорт бойынша тауарларға 16 мың декларация толтырылған, олардың 90 пайызы «жасыл дәліз» арқылы автоматты режимде рәсімделді.

«Астана-1» ақпараттық жүйесі былтыр қазан айынан бастап жұмысын бастады. Алдымен кедендік транзит одан кейін экспорттық-импорттық декларациялаудың кіші жүйесі іске қосылды. Бұл жаңашылдық кедендік рәсімдер мен құжат айналымын айтарлықтай жеңілдетті. Жыл басынан бері экспорттық тауардың өзіне 24 мың декларация шығарылған. Электронды бағдарлама бойынша өтініш 1 минутта қаралып, дайын болады. Автоматтандыру жүйесі кәсіпкерлерге де, мемлекетке де ұтымды болып тұр.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

– Біз ақпаратты енгізу есебінен босатылған ақша қаражаты есебінен сыртқы экономикалық қызмет қатысушылары тауар айналымына бағыттайды деп пайымдаймыз. Біздің есебіміз бойынша кеден баждарының бюджетке түсетін кеден баждары мен салықтарының қосымша түсімін 2018 жылы шамамен 12 млрд теңгеге, ал 2025 жылға қарай 20,3 млрд теңгеге қамтамасыз етеді.

Автоматтандыру жүйесінің енгізілуі кеден бекеттерінде жүк тасымалы мен тауар айналымының артуына оң әсер етті. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында 1 сәуірден бері 500-дей электронды декларация рәсімделген. Оның 80 пайызы экспорттық тауарға толтырылды. Кәсіпкерлер тиісті құжаттарын кедендік бақылау басқармасына бармай-ақ, тапсыра алады. Мемлекеттік кіріс департаменті қызметкерлерінің айтуынша, жаңа жүйе жең ұшынан жалғасқан жемқорлық деректерін де тыюға септігін тигізеді.

Руслан Рақымберді, СҚО бойынша МКД басшысының орынбасары:

– Ақпараттық жүйе енгізілгелі декларация қағаз жүзінде емес, электронды түрді толтырылады. Бұл – Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 38-қадамында көрсетілген тапсырма әрі Еуразиялық экономикалық одақ талаптарының бірі.

Ал Павлодар облысында жаңа жүйемен 800-ге жуық декларация толтырылды. Индустриалды өлкедегі ірі құбыр-прокаттау зауытының мамандары жаңашылдықтың тиімді екенін айтып отыр.

Юлия Щепова, кәсіпорын менеджері:

«Астана-1» бағдарламасы бізге өте қолайлы. Өйткені кедендік рәсімдеу үшін зауыттың аумағынан шықпаймыз. Тарифтік емес реттеу және бағалау факторы бағдарламаның көмегімен жүзеге асады. Осы мақсатта рәсімдеу үрдісі жылдам жасалады. Қазіргі таңда зауыт аумағынан шықпай-ақ, 20 декларацияны рәсімдедік. Экспорт бойынша да бірнеше декларация рәсімделді.

Спутниктік байланыс арнасының өткізу мүмкіндігінің талапқа сай болмауы «Астана-1» ақпараттық жүйесіне өз кедергісін келтіреді. Осыған орай Үкімет отырысында кеден бекеттерін жылдамдығы жоғары байланыс арналарымен қамтамасыз ету мәселелері де айтылды. Бұл бағытта еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жұмыс істеп жатыр.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

2018 жылы 12 кеден бекетіндегі байланыс ұлғайтылды. Бұның ішінде 3 кеден бекетке 8 Мбит, 8 бекетке 10 Мбит 1 кеденге 40 Мбит байланыс сапасы артты. Ал биылғы жылдың екінші тоқсанында 52 бекеттің жылдамдығын арттыруды жоспарлап отырмыз.

«Астана-1» ақпараттық жүйесі өндірістік қолдануға келесі жылдан бастап шығарылады. Қазір оны мекемелермен, порталдармен бірге жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Хабар 24 телеарнасы