386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарызға белшеден батқан банктерге мемлекет көмектесе ме?

  • 389
  • UPD: 23:34, 26.04.2018

Несиені оңды-солды таратып, проблемалық қарызға белшеден батқан банктерге мемлекет енді көмектесе ме?

Бұл сұраққа Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Парламент Сенатының жалпы отырысынан кейін жауап берді. Еліміздің қаржы нарығында қалыптасқан күрделі жағдайды жоғарғы палата депутаттары кеңінен сөз етті. Оларды осы уақытқа дейін екінші деңгейлі банктерді сауықтыруға жұмсалған 3 триллион теңгенің қайтарымы алаңдатады. Данияр Ақышев былтыр бұл іске 653 миллиард теңге бөлінген соң 5 қаржы институты проблемалық қарыздарын азайтып, халықты қайта несиелендіре бастағанын айтты. Сондай-ақ ол мемлекетке 200 миллиард теңге қайтарылғанын айтты. Естеріңізге сала кетейік, таяуда Елбасы банктерді сауықтыруға мемлекеттің көп қаржы жұмсағанына қарамастан, халықты несиелендіру деңгейі әлі де төмен екенін тілге тиек еткен болатын.

Ғұмар Дүйсембаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Ақпан айының соңында экономикаға берілген банктердің несиелердің көлемі қысқарып, 12,5 триллион теңгені құраған. Оған қарамастан, әлеуметтік-экономикалық даму болжамының өзгеруіне сәйкес банктерден экономиканы несиелендірулің жоспарлаған көлемі 13,5 трлн теңгеден 13,9 трлн теңгеге ұлғайған. Мұндай оптимистик болжамды құптаймыз. Бірақ, ол қаншалықты негізді деген сұрақ туындайды?

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Банк секторына көрсетілген қолдау өз нәтижесін береді деп ойлаймыз. Жүйе құраушы қаржы институттарын сауықтыру бағдарламасы сәтті жүзеге асты. Сондықтан экономиканы несиелендіру көрсеткіші артуы тиіс.

Ендігі мәселе акционерлері тиімсіз басқарған елдегі 3 қаржы ұйымының жай-күйіне байланысты. Данияр Ақышев Эксимбанк, Астана банкі және Qazaq банктерінің басшыларымен әлі де келіссөз жүріп жатқанын айтты. Оларға көмектесуге жеке тұлғалардың кепілдендірілген жүйесі бар. Бірақ оны қолдану мүлде қарастырылып отырған жоқ. Данияр Ақышев осылай деді.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

- Бізде жеке тұлғалардың кепілдендірілген депозиттер жүйесі бар. Аталған 3 банкті тығырықтан шығару үшін бұл механизм қолданылмайды. Егер қаржы институттарыңың лицензиясы алынса, кепілдендірілген депозиттердің мемлекеттік қоры ұлттық валютада 10 млн теңгеге дейінгі, шетелдік валютада 5 миллион теңгеге дейінгі жеке тұлғалардың барлық депозитін өтейді.

Жалпы Сенат отырысында 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы мақұлданды. Дегенмен, депутаттар шығыстарды жоспарлау ісіне қатысты біраз сын айтты. Мәселен, бала күтіміне байланысты төлемдерді нақтылау кезінде өткен жылдар тәжірибесі ескерілмейді. Соның салдарынан бұл мақсатқа жұмсалатын қаржы көлемін қайта өзгерту қажеттігі туындайды. Айта кетейік, бюджет жобасында бала тууына арналған бір жылдық жәрдемақы және оның бір жасқа толуына дейін ай сайын төленетін қаржы 2,7 млрд теңгеге азайтылды.

Хабар 24 телеарнасы