АЭФ-тың алғашқы күнінде 40-қа жуық кездесу ұйымдастырылды

Астана экономикалық форумы аясында бүгіндікке 40-қа жуық кездесу ұйымдастырылды.

Global Challenges Summit Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылып, бірінші пленарлық сессияда бес негізгі бағытқа басымдық берілді. Мәселен, Мемлекет басшысы цифрландыру мен жасанды зердені дамыту, баламалы қуат көздерін пайдалану, адамның өмірін ұзарту, ірі қалалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және еңбек нарығын роботтандыру тақырыптарына ерекше тоқталды. Сондай-ақ алғашқы пленарлық пікірталасқа әлемге белгілі ғалымдар мен сақа саясаткерлер қатысты. Бүгін Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов форумның алғашқы күнін қорытындылап, ертеңгі бағдарламаның да қызықты сұхбаттарға толы болатынын айтты.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

– Форумға барлығы 6120 адам қатысты. Оның 200-і – әлемнің 111 елінен келген шетелдік мейман. Ал аккредиттелген мыңға жуық журналистің 120-сы – шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері. Осылайша жалпы 73 шараның 39-ы бүгін өткізілсе, ертең тағы 34-і ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр. Саммит күн тәртібіне сәйкес 6 трек бойынша панельдік пікірталастар өтті. Пікірталастар үздіксіз білім беру, сингулярлық әлем және цифрлық мемлекеттік басқару сияқты өзекті тақырыптарға арналады.