384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2025 жылға дейін елімізде мұнай өндіру көлемі артады

  • 804
  • UPD: 19:52, 21.05.2018

Елімізде мұнай өндіру көлемі 2025 жылға дейін 104 млн тоннаға жетеді. Бұл туралы Қазақстанның мұнай-газ секторын дамыту барысы талқыланған мәжілістегі Үкімет сағатында айтылды.

Павлодар мен Атырау мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялау аяқталды. Биыл бұл жұмыс Шымкенттегі зауытта да бітуі тиіс. Енді нарықта мотор отынының импортына тәуелділік азаяды. Сонымен қатар, осы күзде жаңа мұнай өңдеу зауытының қай өңірде салынатыны да белгілі болады.

Қазақстан сырттан жанар-жағармай тасымалдауды азайтады. Кейін бірте-бірте нарықты отандық мұнай өнімдерімен толықтай қамтамасыз етеді. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, ішкі сұранысты өтеуге биыл көрші елден бензиннің тек 10 пайызы, дизель отынының 8 пайызы ғана әкелінеді.

Оған отандық мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуатының артқандығы сеп. Қазіргі таңда 2 зауытта модернизациялау ақталды. Жыл соңына дейін Шымкент зауыты жаңарту жұмыстарын бітіреді.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

- Бізде тапшылық жоқ біріншіден, Биыл бензинді, дизель отыны тапшылығы жоқ. Бірақ тәуелдіміз ба жоқ па ол басқа мәселе. Өткен жылы мысалы бензин-92 30 пайызын Ресейден алып келдік. Биыл 10 пайыз ғана алып келіп отырмыз. Дизель отыны дәл сондай мәселе өткен жылы 25-30 пайызын Ресейден алып келгенбіз. Биыл 8 пайызын алып келіп отырмыз. Сондықтан кезең-кезеңмен ана зауыттардың жаңғырту жұмысы біткеннен соң 100 пайыз ішкі нарығымызды өзіміздің зауытта шығаратын дизель отынымен және бензинмен қамтамасыз етеміз.

Өткен жылы елімізде 86 млн тоннадан астам  мұнай өндірілген. Онда Қарашығанақ, Теңіз, Қашаған сынды алып кен орындарының үлесі зор.  Ал өзге кен орындарында, керісінше өндіріс деңгейі төмендеген. Депутат Шавхат Өтемісов  барлау жұмыстарын оңтайлы жүргізіп, тиімді технологияларды енгізу керек, деп санайды.

Шавхат Өтемісов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Олар қазір мұнай өндіру шегіне жеткен, қоры сарқылған.  Бірінші себеп. Екінші себеп осындай жағдайды өзгерту үшін мұнай өндіру тиімділігін арттыру қажет. Жаңадан технологиялар енгізуіміз қажет. Ғылымның көмегі керек. Жер қойнауы туралы заң өз жұмысына енгізілгеннен соң, біз ойлаймыз инвестиция көлемі де, соның ішінде геология көлемі де өседі. Соның арқасында жаңа кен орындарын ашып, мұнайдың өндірілетін көлемін көтеруге мүмкіндік аламыз.

Қазіргі таңда 45 кен орнында жұмыс жүргізіліп жатыр. Меже 2025 жылға дейін мұнай өндіру көлемін 104 млн тоннаға жеткізу. Демек салаға инвесторлар  қажет. Оларға әкімшілік кедергісіз ыңғайлы ахуал қалыптастыру үшін мәжілісмендер заң тұрғысынан қолдау көрсетіп, құқықтық рәсімдерді жеңілдетпек.  

Гүлмира Исимбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

- Депуттар тарапынан мұнай-газ секторын дамыту үшін заңнама жағынан толық қолдау көрсетіп келеді. Оның айғағы тау-кен және мұнай газ саласын реттеудің жаңа тәсілдерін көздейтін Жер қойнауы туралы кодекс қабылданғаны, сондай-ақ өңдеуші секторға қатысты салықтық саясаттың өзгеруі – өңірлердің одан әрі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуы үшін жасалатын мультипликативтік әсерін айтпағанда мұнай-газ секторының одан әрі дамуына жаңа қарқын беруге тиіс. Сонымен қатар, депутаттардың бастамасымен Сұйытылған газ жөнінде заң жобасы дайындалды, ол Мәжілістің қарауында.

Елді жаппай газдандыру Елбасы тапсырмасы. 5 әлеуметтік бастамаға орай Астана мен солтүстік өңірдерге көгілдір отын жеткізіледі. «Сарыарқа» магистральді газ құбырының құрылысы осы жылдың шілде айында басталып, бірінші кезеңі 2019 жылы аяқталады. Бүгінде елімізде газдандыру көрсеткіші 48 пайызға жуықтаған. 1300-ден аса елді мекенде газ бар. Келер жылдың соңына қарай көгілдір отын тартылған елді мекендер саны 171-ге артады.

Хабар 24 телеарнасы