АЭФ-те жүзден астам шетелдік тілші шартарапқа хабар таратты

Елордада өткен Астана экономикалық форумында мыңдаған тілші тынымсыз жұмыс істеді.

Олардың 120-дан астамы шет елден келді. Беделді ақпараттық арналардың арасында Bloomberg, The Wall Street Journal, Файнэншл Таймс та бар. Журналистер форум қатысушыларының айтқан ойын жалпақ жұртқа бірнеше тілде жариялады.  

Астанада 11-рет ұйымдастырылған экономикалық форумда 120-дан астам шетелдік тілші ақпарат таратты. Солардың бірі Испанияның  жетекші арнасы EFE. Агенттік әлемде мультимедиялық порталдардың үздік бестігіне кіреді. Олар форум аясында қол қойылған Еуразия Экономикалық одағы мен Иран арасында еркін сауда аймағын құруға әкелетін уақытша келісімге баса назар  аударды.

"АҚШ Иранның ядролық келісімнен бас тартқанына бір апта өтпей жатып, Еуразия Экономикалық Одағы Иранмен еркін сауда аймағын құруға уағдаласты. Сарапшылар бұл келісім бұрыннан жоспарланғанын айтады. Сондықтан одаққа мүше мемлекеттердің АҚШ пен арадағы қарым-қатынасына кері әсері болмайды деп үміттенеді."

Испандық тілші Джеймс Руссо Астана экономикалық форумының алғашқы күнінде екі материал жариялаған. Ол келесі тақырыбын Астана қаржы орталығымен байланыстырмақ.

Джеймс Руссо, Agencia EFE халықаралық тілшісі:

- Халықаралық қаржы орталығының басшысы спикер болған сессияға қатыстым. Қаржының қайда құйылып жатқаны туралы және инвестициялық қорлар жайлы көп ақпарат айтылды. Қазақстандағы инвестиция құюға жасалған жағымды ахуалды да таныстырып өтті. Осы мәліметтерді жинақтап, бір материал жасауды жоспарлап отырмын.

Ал Мария Петрованы панельдік сессиялардан гөрі спикерлер қызықтырыпты. Өйткені Лондондық бұл  басылым кәсіби қаржыгерлер үшін жаңалық жазады. Форум бағдарламасы нақты жоспарланғандықтан спикерлерден жеке сұхбат алу оңайға соқпады дейді  шетелдік әріптесіміз. 

Мария Петрова, Mergermarket ақпараттық басылымының тілшісі:

- Мен Қазақстанның қаржы министрімен кездестім. Биыл сіздердің еліңіздегі «Эйр Астана», «Қазақтелеком» және «ҚазАтомПром» сияқты компаниялар ішінара жекешеленеді. Акциялар әуелі Астана қаржы орталығының нарығында, кейін Лондонда саудаланбақ. Бұл туралы алдағы күндері өз мақаламда толыққанды тарқататын боламын.

Сарыарқаның төрінде өткен экономикалық форумға қатысу екінің біріне бұйырмағаны анық. Сондықтан жаһан жұрты ондағы тың деректерді тілшілер қауымының ақпаратынан қанықты. Әр елден келген журналистер  күллі әлем көз тіккен бұл  форум жайлы төл тілінде жариялап, Қазақстанның мүмкіндітері мен ерекшеліктерін егжей-тегжей жеткізді.

Авторы: Талғатбек Әбді-Қожаев