378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте қазақ-өзбек халықаралық бизнес форумы өтті

  • 636
  • UPD: 23:32, 22.05.2018

Шымкент қаласында еліміз бойынша алғаш рет халықаралық қазақ-өзбек бизнес форумы өтті.

Оған қос мемлекеттен 400-ден астам адам қатысты. Екі ел кәсіпкерлерінің басын қосқан шарада арадағы тауар айналымын арттырып, ынтымақтастықты дамыту жайы сөз болды. 

Жандос Жұмабек, тілші:

- Бүгінгі форумның негізгі мақсатының өзі Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтып, экспорт пен импорт көлемін ұлғайтуға бағытталған.                                                                                                                     

Сондықтан екі ел арасындағы тауар айналымын арттырып, экономикалық ынтымақтастықты дамыту жайы сөз болды. Сонымен қатар  екі елдің кәсіпкерлері бір-бірімен жақын танысып, кім қандай өнім шығарады, қандай тауарға сұраныс жоғары, оны қайда өткізуге болады деген сияқты бірлескен жобаларды талқылады. Мәселен бізде металлургия мен химия өнеркәсібінде  шикізат көп. Өзбек тарапының шикізаттық өнімдерге деген қызығушылығы жоғары. Сонымен қатар қазақ-өзбек кәсіпкерлері арасында кооперация құрып, ортақ өнімді басқа үшінші елге шығару туралы пікір алысты. Нәтижесінде бірнеше келісімге қол қойылды. Іскерлік жиынға қатысқандар бүгінгі басқосу бауырлас елдердің сауда-экономикалық ынтымақтастығының артуына жол ашатынына сенім білдірді. Өзбекстандық кәсіпкерлердің де бұл форумнан күтері көп.

Усмонжон Камолов, кәсіпкер /Өзбекстан/:

- Біз өндірістік бұйымдармен айналысамыз, арнаулы жұмыс киімдерін тігетіндіктен, бүгін осы ұсыныспен келіп отырмыз. Бізге екі ел арасындағы экономикалық қатынас орнату үшін барлық жағдай жасалған. Мен бүгін  келісім-шарт жасастым.

Жансейіт Түймебаев, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі:

- Өзбекстан Орталық Азиядағы қазақстанның негізгі стратегиялық әріптесі. Екі ел арасындағы сауда айналымы жылдан-жылға артып келеді. Екі елдің көшбасшылары биыл сауда айналымын 3 млрд долларға жеткізуді, ал 2020 жылға қарай 5 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайтуды тапсырды. Сондықтан екі елдің кәсіпкерлеріне нақты қолдау көрсету қажет. Бүгінгі қадам соның бастамасы. 

Жандос Жұмабек, тілші:

- Өткен жылы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда айналымы 2 млрд долларға жеткен. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 32 пайызға жоғары. Ал Оңтүстік Қазақстан облысының көрші елмен арадағы өзара сауда байланысы 12 пайызға артып, 623 млн долларды құрап отыр. Бұл көрсеткіш форумнан кейін арта түседі екен. Өйткені қазақстандық экспорттаушылар үшін 35 миллиондық өзбек нарығына жол ашылады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Нұрмақан Мұсатов

Хабар 24 телеарнасы