360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Санкт-Петербургте Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды

  • 161
  • UPD: 20:36, 25.05.2018

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының 50 активі осы жылдың соңына дейін жекешелендіруге шығады.

Бұл туралы Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумының арнайы сессиясында айтылды. Жиында Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері сөз болған еді.

Санкт-Петербургте бас қосқан түрлі компания басшылары мен мемлекеттік сектор өкілдерінің мақсаты ортақ – инвестиция тарту және дамудың даңғыл жолына түсу. Іскерлік іс-шараның маңыздылығын 20 елден келген 40-қа жуық алып инвестициялық қордың басшыларынан-ақ аңғаруға болады. Олар басқарып отырған активтердің жалпы құны 13 триллион долларды құрайды. Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумындағы панельдік сессияның бірі Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктеріне арналды. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры құны 74 млрд АҚШ долларын құрайтын Қазақстанның жоғары сапалы активтеріне ие. Қордың құрамындағы алты компанияны 2022 жылға дейін IPO-ға шығару жоспарланып отыр. Солардың үшеуі «Қазатомөнеркәсіп», «Эйр Астана», «Қазақтелеком»  бұл үдерісті биыл бастайды.

Қайрат Келімбетов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басшысы:

- Бұлардың барлығы Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің 40 пайызын құрайды. Қазақстан құрылымдық реформаларға түбегейлі кірді. Ол бюджеттік қажеттілік туындаған дүние емес. Басты мақсат – инвесторлардың корпоративтік басқаруын жетілдіру. Сондай-ақ тікелей шетелдік инвестицияларды тарту – Қазақстанның экономикалық саясатының басымдығы.

Ахметжан Есімов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы:

- Біздің басты мақсатымыз – компанияның тиімділігін арттыру мен басқару және тұрақты дамуды қамтамасыз ету. «Самұрық-Қазынаны» әлемнің егеменді қорларының деңгейіне жеткізу.

Әлеуетті инвесторлар жекешелендіру мен IPO бағдарламасына, сондай-ақ стратегиялық инвесторларға сатылатын ірі компанияларға қызығушылық танытты. Бұлар – қазақстандық электр энергияның 30%-ын өндіретін «Самұрық-Энерго» энергетикалық холдингі және «Тау-Кен Самұрық» тау-кен компаниясы. Сондай-ақ форум аясында шетелдік инвесторлармен бірқатар келісімдерге қол қойылды.

Авторлары: Дана Нуржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы