364,95 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде 2025 жылға қарай 104 млн тонна мұнай өндірілмек

  • 194
  • UPD: 18:03, 19.06.2018

Мұндай межеге жетуге Қарашығанақ, Қашаған мен Теңіз сияқты ірі кен орындары мүмкіндік береді.

Бұл туралы Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың халыққа есеп беру жиынында айтылды. Жиында мұнайдан өзге газ-химия, энергетика, көмір және атом энергиясын дамыту мен қоршаған ортаны қорғауға қатысты мәселелер де талқыланды.

Биыл мұнай өңдеу көлемі 1,1 млн тоннаға артып, 16 млн тоннаны құрайтын болады. Екінші жартыжылдықтан бастап барлық мұнай өңдеу зауыттары  жобалық қуатына шыққаннан кейін ішкі нарықта бензинге, дизель отынына және авиакеросинге деген тәуелділік жойылады. Терең қайта өңдеу көлемі 80 пайызға жетеді. К4 және К5 экологиялық санатындағы өнімдер шығарылып, жағармайды экспорттау мүмкіндігі артады. Сонымен қатар биылдан бастап мұнай өңдеу зауыттарының жөндеу жұмыстарына орай тоқтау мерзімі 45 күннен 20 күнге қысқарады. 45 күнге тек үш жылда бір рет жабу көзделген.  Ал 4-мұнай зауытының қай жерде салынатыны жақын арада белгілі болады. Қазір оның техникалық экономикалық негіздемесін жасаумен арнайы комисия айналысып жатыр.

Елді газдандыру деңгейі шамамен 47,4% құрайды. Мың үш жүзден астам елді мекен газға қол жеткізді. Елбасының бес әлеуметтік бастамасымен Астана қаласы мен Қарағанды, Ақмола облыстарын газдандыру мәселесі шешілмек. Келесі айда «Сарыарқа» магистральдық газ құбырын тарту басталады. Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана бағыты бойынша бірінші кезең 2019 жылдың желтоқсан айына дейін аяқталады. Осы кезде 171 елді мекен газбен қамтамасыз етілмек. Ал жаңартылған энергия көздері бойынша былтыр елімізде шамамен 1,1 млрд киловатт/сағат жасыл энергия өндірілген. Биыл жалпы қуаты 138 мегаватт болатын 10 нысанды қосу жоспарда бар.

Айта кетейік, елімізде қуаты 352 мегаватқа жететін  58 нысан жұмыс істейді.

Авторы: Қарлығаш Қайыпбекова

Осы категория бойынша: « Қазақстанда импорт көлемі азаяды Қаржы министрі есеп береді »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы