365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шымкенттегі «Оңтүстік» индустриалды аймағына соңғы 10 жылда 3 трлн теңге инвестиция тартылған

  • 312
  • UPD: 11:06, 20.06.2018

Түркістан облысының құрылуы – түбі бір түркі жұртын түре айналған бауырлас халықтардың бірігуіне сеп болады.

Бұл – кеудесін қуаныш кернеген оңтүстік тұрғындарының тілегі. Түркістан өлкесі түркі баласының көз тіккен жауһары атанып, әр пенде барып көруді армандайтын орталыққа айналмақ.

Түркістан – ата тарихтың мөрі, түркі әлемінің төрі. Алты Алаштың рухани һәм мәдени астанасы. Киелі аймақтың кемел келешекке қадам басып, демографиясы дамыған ордалы облыстың орталығына айналуы, мұндағы әрбір қазақтың көңіл қуанышына айналды. Ақжолтай жаңалықты жеміс теріп, жер емген шуақты өңірдің халқы шаттана қарсы алды. Себебі екі шаһарға бөлінетін қаржы да, тартылатын инвестиция да еселене түспек.

Шалатай Мырзахметов, қоғам қайраткері:

– Оңтүстік өңірдегі азаматтар екі ананы тел емген төл сияқты болады. Себебі қалаға бір бөлек, Түркістан облысына бір бөлек қаржы бөлінеді. Бірақ халықтың саны өзгермеген соң, екіжақты келген инвестиция мен қаржы елдің әлеуметтік жағдайын көтеруге, жұмыс орындарының ашылуына, жаңа өндірістің ұлғаюына әсер етеді.

Сондай-ақ орталықтың Түркістанға көшірілуі – Ұлы жібек жолы бойындағы шаһарда сауда-саттықтың дамуына жол ашады. Өндірісті әртараптандырып, экономикалық дамуды жеделдетуге мүмкіндік туады.

Мархабат Байғұт, жазушы:

– Түркістанның базары – қазірдің өзінде ерекше базар. Сол сияқты қаладағы өнеркәсіп орындары да аздап жанданып келе жатыр. Облыс орталығы болғаннан кейін жаңа индустриялық-инновациялық аймақ, жаңа кәсіпкерлік-әкімшілік орталық салынады. Оның жобасы жасалып жатыр, жасалып та қойды. Сондықтан бұл экономикалық жағынан үлкен өндіріс орындары пайда болады. Жекеменшік-мемлекеттік бизнес орталығына айналады.

Мәселен, Шымкенттегі «Оңтүстік» деп аталатын индустриалды аймаққа соңғы 10 жылда 3 триллион теңге инвестиция тартылған. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Индустрияландыру бағдарламасы бойынша іске қосылып жатқан әрбір бесінші кәсіпорын да осы оңтүстікке тиесілі. «Түркістанның төрге шығуы – бүкіл түркі халықтарының бірігуіне жол ашады», – дейді мамандар. Әсіресе, туризм саласы қарыштап дамып, жандана түспек.

Байдулла Қонысбеков, облыстың құрметті азаматы:

– Болашақта Түркістан қаласына келетін туристердің саны артады. Оған бөлінетін қаражат та, оған жасалатын қамқорлық та молая түсетін болады. Мінекей, халық сол үшін қуанып отыр.

Халық көбейген сайын қала жандана түседі. Жаңа заманауи нысандар мен көз тартар ғимараттар, сауда, спорт кешендері, мәдениет ошақтары салынады. Демек Түркістан – түрлі ұлт пен ұлыстың ұйысқан ордасына айналатын күн де алыс емес.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Нұрмақан Бекмұратов

Осы категория бойынша: « Швейцарияда өткен конференцияда «Астана» ХҚО-ның жоспарлары таныстырылды Қазақстандық Petroleum компаниясы ТМД сыйлығын жеңіп алды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы