374,84 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Лондонда «Астана» ХҚО төрелік орталығының тұсаукесері өтті

  • 151
  • UPD: 14:17, 29.06.2018

Салтанатты шараға жиналған әлемдік заң компанияларының өкілдері орталықтың ерекше мүмкіндіктері мен артықшылықтарын талқылады.

«Астана» халықаралық қаржы орталығына тиесілі төрелік орталығы ресми түрде өз жұмысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастады. Ол азаматтық және коммерциялық дауларды шешу бойынша халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ сот процесіне тәуелсіз, үнемді және жедел баламаны қамтамасыз етумен айналысады. Жиынға жиналғандарды Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов және Орталық төрайымы, коммерциялық істер бойынша Британияның жетекші адвокаты Барбара Доманн қарсы алды. 

Барбара Доманн, «Астана» ХҚО ХТО төрайымы:

- Лондонда алғаш рет өткізіліп отырған шара төрелік орталығының табысты болуы үшін еңбек етіп жатқандарға ұйымдастырылды. Олар әлемнің түкпір-түкпірінен: Германия, Ирландиядан жиналды. Араларында, әрине, жергілікті мамандар да бар. Олардың барлығы таза ниетпен және шынайы түрде жетістікке жетуге мүдделі.  

Халықаралық төрелік орталығының әртүрлі юрисдикцияларда жұмыс істейтін жоғары білікті халықаралық судьялар мен медиаторлардан құралған тәуелсіз алқасы бар. Олардың көпшілігі тұсаукесерге қатысып, орталықтың мүмкіндіктерін жоғары бағалады.

Илья Кузнецов, Norton Rose Fulbright компаниясының заңгері:

- Шындығында, бұл – пісіп-жетілген идея. Өйткені Қазақстан географиялық тұрғыда өте ұтымды жерде орналасқан. Оның үстіне ол жақта қазір жобалар көп. Меніңше, мекемелер даулардың өзге жерлерде емес, бизнес орналасқан жерде қарастырылғанын қалайды деп ойлаймын. 

Евгения Рубинина, Freshfields Bruckhaus Deringer компаниясының заңгері:

- Орталық алдында даулар туындаған сәтте клиенттеріміздің мүддесін қорғай аламыз деп үміттенеміз. Және мүмкіндігінше клиенттерімізді Қазақстанда бизнес жасауға тартатын боламыз.

Халықаралық төрелік орталығы бизнес үшін ашық. Төрелігін айту, медиация жасау және басқа да дауларды баламалы түрде шешу қызметтеріне тапсырыстар қабылдауға дайын. Болашаққа қойған мақсаттары да ауқымды.

Кристофер Кэмпбелл-Холт, «Астана» ХҚО сотының және ХТО тіркеушісі:

- Біздің жоспарымызда танымалдығымызды арттыру мақсаты бар. Елеулі нәтижеге аз уақыттың ішінде жеттік. Біз төрелік орталығын 2017 жылы 10 айдың ішінде құрдық. 2018 жылы басқа да жоспарларымызды жүзеге асырғымыз келеді.

Сондай-ақ халықаралық төрелік орталығы Қазақстан мен Еуразия аймақтарында дауларды соттан тыс реттеу бойынша тренингтер ұйымдастыруға ықпал етуді және көмектесуді жоспарлап отыр.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Осы категория бойынша: « Алматыда Қазақстан қор биржасы жеке инвесторларға арналған оқу бағдарламасын бастады Қазақстан қаржы нарығына кіру мүмкіндіктері кеңейеді »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы