369,01 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Байқоңырда туристерге арналған ойын-сауық кешені салынады

  • 249
  • UPD: 22:09, 11.07.2018

Байқоңыр қаласының маңынан туристік ойын-сауық аймағын құру жоспарланып отыр.

Аумағы 50 гектарды алатын айтулы кешен «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автодәлізінің 1576 шақырымынан орын тебеді. Қызылорда қаласындағы әуежайдың халықаралық мәртебеге ие болуы да туристер легін арттыруға сеп. Оған Мәскеу-Қызылорда бағытындағы әуе рейсінің ашылуын мысалға келтіруге болады.

Зеңгір көкке самғаған зымыранды көру үшін Байқоңырға келетін туристер аз емес. Көбі ғарыш айлағына еніп, әуе кемелерінің ұшырылымын тамашалауға асығады. Алайда бұл кереметті көзбен көру қымбатқа соғатыны сөзсіз. Сондықтан мамандар жұлдызды қалашық маңынан ойын-сауық кешенін салуды жоспарлап отыр. Онда ғарыш ғаламаттарымен тереңірек танысуға болатындай жағдай жасалмақ.

Дінмұхамед Болатбеков, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары:

– Ғарыш аттракциондары болады. Яғни зымыран ұшырылған кезде қарап тұрған адамға дауыс естілетін болады. Жоба негізін әзірге тиісті құзырлы органдарға көрсеттік. Олар инвестор іздеу жұмыстарын жүргізуде.

«Аймақ туризмінің дамуына Қызылорданың бас әуе қақпасының халықаралық мәртебеге ие болуы да өз септігін тигізеді», – дейді мамандар. Оған Мәскеу-Қызылорда бағытындағы әуе рейсінің ашылуын мысалға келтіруге болады.

Ержан Әбдіхалықов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– Қазіргі таңда Байқоңыр қаласынан тікелей автобуспен қосымша трансферт ұйымдастырылады. Өйткені Байқоңырда Ресей азаматтары да бар. Қызылорда-Мәскеу рейсі 2-3 есеге арзан. Сондықтан ол жақтан да қолдау тауып, рейске қосымша трансферт ұйымдастырылатын болады. 

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

– Қызылорда мен Мәскеу арасын төте жалғайтын ұшақтар аптасына 4 рет қатынайды. Бұл жолаушылар үшін айтарлықтай арзан түспек. Алғашқы рейс 16 шілдеге белгіленгенмен, билеттердің барлығы бүгінге дейін сатылып кетіп отыр.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев

 

Осы категория бойынша: « Швейцария мен Қазақстан арасында бірлескен мәлімдеме жасалды Каспийдің жағалауындағы жартастар туристік нысанға айналады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы