365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Каспийдің жағалауындағы жартастар туристік нысанға айналады

  • 282
  • UPD: 22:10, 11.07.2018

Қарт Каспийдің жағалауына да саяхаттаушыларды көптеп тарту үшін Ақтауда бұрын болмаған ірі жобалар жүзеге асырылады.

Теңіз жағасындағы жартастарды жағалай 1 жарым шақырым жерге жаяу жүргіншілер жолы салынып жатыр. Мұндағы үңгірлер де абаттандырылып, табиғи мұражайға айналған. Ал жұртшылықтың Каспийдің мөлдір суына шомылып, жұмсақ құмына аунауы үшін бірнеше шақырым жағажай абаттандырылып, осы жазда пайдалануға берілді. «Жағажай туризмін дамыту» жобасының нәтижесінде аймаққа келіп, демалушылардың саны биыл екі есеге өскен.

Теңіз жағалауында құрылыс қызу жүруде. Оншақты техника мен жүзге жуық жұмысшы жартастағы ойлы-қырлы жерлерді тегістеп, ретке келтіріп жатыр. Жаяу жүргіншілерге ыңғайлы болу үшін темірден мыңнан астам баспалдақ салынуда.

Марат Сюников, жоба авторы:

– Мұнда техниканы алып келу қиын болғандықтан, қрылыс жұмыстарының 90 пайызы қолмен жасалуда. Ағаш полимерлі композит материалын қолданамыз. Бұл – осы өңірдің табиғатына, ауа райына төзімді материал. 20 жылға дейін жарамды. Сүрлеу жолды салу кезінде жартастың табиғилығы сақталады.

Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін сүрлеудің екі жағы қоршалып, әр 30 метр сайын бейнебақылау орнатылады. Сүрлеу жолдың бойында 24 шолу алаңы, балық аулайтын жерлер, суға түсу орындары мен шағын су көліктері тұрақтайтын аялдамалар  салынады. Инвесторлардың қаржысына салынып жатқан жобаның алғашқы кезеңі алдағы айда қолданысқа берілмек. Халықтың күндіз-түні демалуы үшін барлық жартас жарықтандырылады. Екі шақырым жерден көрінетін түрлі-түсті шамдар қойылып, түнгі қала ажарлана түспек.

Жоба аясында жартастағы үңгірлерді де абаттандырып, табиғи мұражайға айналдыру көзделіп отыр. Мұндағы ең үлкен үңгірдің ұзындығы – 70, ені – 60 метр.

Гүлмира Әбішева, тілші:

– Теңіз жағалауындағы бұл үңгір осыдан бір ай бұрын қоқысқа толы алаң болатын. Қазір барлық жер тазартылып, қабырғасы құммен жуылды, еденге плита төселді. Алдағы уақытта отырғыштар қойылып, түрлі-түсті шамдар орнатылады. Қабырғада күні-түні Маңғыстаудың тарихы туралы деректі фильмдер көрсетілмек. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде берілетін өлке тарихы саяхаттаушылардың қызығушылығын тудырары анық.

Қаланың солтүстігіндегі жағалау да абаттандырылуда. Жоба бойынша дәл Каспийдің жағасында амфитеатр салынып жатыр. Биіктігі – 8, ені – 70 метр болатын дала сахнасында түрлі концерттер мен мерекелік кештер өткізілмек. Киіз үй, орындықтар қойылып, спорттық және ойын алаңдары салынады. Көне тарихтан сыр шертетін композициялар мен мүсіндер қойылады. Қазір құрылысқа 45 техника мен 450 адам жұмылдырылған. Құны 1 млрд 24 миллион теңге болатын жоба алдағы тамыз айында ел игілігіне беріледі.

Қайрат Ақыбаев, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

– Жұмыстар сәуір айында басталып кетті. «Самал» шағын ауданынан төмен қарай түсетін баспалдақ болады. Ерекшелігі, мұнда сахна құрылысы пайда болады.

Жаз басталғалы Ақтауға теңізге түсуге келетіндер саны артқан. Бір айдың ішінде 30 мың саяхаттаушы қарт Каспийдің жағасында демалыпты. Бұл өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда, екі есеге көп. «Бұл – жағажай туризмін дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстардың жемісі», – дейді жергілікті билік. Теңізді жағалай 45 шақырымға инженерлік желілер тартылып, демалыс орындарына газ, су мен тоқ жетті. 2 шақырымдай жағажай абаттандырылып, халықтың тегін демалуына мүмкіндік жасалды.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев және Саламат Бекбаев

Осы категория бойынша: « Байқоңырда туристерге арналған ойын-сауық кешені салынады Алакөл жағасында 200-ге жуық демалыс нысаны жұмыс істеп тұр »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы