365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақсу қант зауыты жаңа маусымды кідіріссіз бастайды

  • 259
  • UPD: 14:38, 22.08.2018

Алматы облысындағы Ақсу қант зауыты модернизациялаудың екінші кезеңін өткізуде. Кәсіпорын үшін тағы бір маңызды міндет – қант қызылшасын қабылдаудың жаңа маусымына толық дайын болу.

Бүгінде бұл іске 200-ге жуық адам тартылып, көне жабдықтарды шетелдік қондырғылармен алмастырып жатыр.

Ақсу қант зауыты 10 жылдық үзілістен кейін қатарға қайта қосылған кәсіпорын. Бүгінде толықтай жаңғыртылып жатыр. Жабдықтар Италия, Ресей, Украина, Германия және Швециядан әкелінген. Зауытты түбегейлі жаңғырту үшін 3 жылдай уақыт керек. Бірақ әр кезеңнің өз жоспары мен міндеті бар. Былтыр 35 мың тонна қант қызылшасын өңдеп, 3,5 мың тонна таза қант өндірген. Биылғы меже одан әлдеқайда биік.

Жандос Баймұханбет, қант зауытының бас механигі:

- Тәулігіне 2700 тонна қант қызылшасын өңдейміз. Биыл 130 мың тонна қант қызылшасын қабылдаймыз. Одан дайын өнім 13-15 мың тонна ақ қантты шығаруымыз керек.

Зауыттың іске қосылуы былтыр үлкен оқиға болған. Биыл Сарқан, Ақсу және Алакөл аудандарының шаруа қожалықтары егістік көлемін ұлғайтып, өнімдерін осында әкелуге әрекеттеніп жатыр.

Сағит Бекболатов, Ақсу аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы:

- Былтыр бізде 88 осы жеке шаруа қожалықтары қант қызылшасымен айналысса, барлық гектар 1600 болатын. Ал биыл 117 шаруа қожалықтары қант қызылшасымен айналысып, алқаптың көлемі 2020 гектарға өсті.

Келесі жылы қант зауытын модернизациялаудың шешуші үшінші кезеңі басталады. Зауыттың қант қызылшасын өңдеудегі тәуліктік қуаты 4 мың тоннаға дейін артады. Ал 2021 жылы кәсіпорын шаруа қожалықтарынан 380 мың тонна өнім қабылдап, одан 40 мың тоннаға жуық қант өндіреді.

Авторлары: Тілеуқабыл Мыңжасар, Қуаныш Түргенбаев

Осы категория бойынша: « Ақмола облысындағы кен өңдеу фабрикасы жобалық қуаттылығына шықты Елімізде бидай бағасы өсуі мүмкін »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы