369,01 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркия Қазақстандағы инвесторлардың үлесі жөнінен 17-орында

  • 149
  • UPD: 10:17, 13.09.2018

Қазақ-түрік қарым-қатынастының көкжиегі кеңейе түспек.

Бауырлас екі ел сауда-саттық, экономикалық байланыстарды бекемдеді. Күні кеше Анадолы жерінде Түркия-Қазақстан инвестициялық форумы өтті. Іскер топ өкілдері қос тарапқа да пайда әкелетін тиімді жобаларды талқылады. Жиын нәтижесі – сүбелі құжаттар. Ал бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркия Республикасына ресми сапары басталмақ. Бұл сапардың маңызы зор.

Бірер сағаттан соң Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркия Республикасына ресми сапары басталады. Елбасы Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен екіжақты кездесу өткізеді. Қос елдің көшбасшылары Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық, күн тәртібіндегі өңірлік мәселелер төңірегінде әңгіме өрбітпек. Ресми сапар аясында Нұрсұлтан Назарбаевтың Анадолы жұртындағы бизнес қауымдастығымен жүздесуі жоспарланып отыр. Олар ауыл шаруашылығы, геология, тау-кен металлургиясы, химия өнеркәсібі, машина жасау, мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі, фармацевтика саласындағы ең үздіктер. Ұзын саны – 25 компания. Ірі холдингтер Түркия экономикасының 15%-ын құрайды деуге болады. Дені бірнеше салаға маманданған. Экономиканы әртараптандыруда тәжірибесі мол. Бизнесмендерді табысын еселеуге мүмкіндік беретін жобалар қызықтырады.

Қазақстанда шетелдік инвесторларға салықтық жеңілдіктер бар. Сондықтан бауырлас елдегі іскер топ өкілдері отандық нарыққа келуге ниетті. Жалпы Түркия Қазақстандағы инвесторлардың үлесі жөнінен 17-орында. Былтыр Қазақстаннан Түркияға 700 миллион доллар инвестиция құйылған. Ал түрік бизнесмендері тәуелсіздік алғаннан бері қазақ экономикасына 2 миллиард доллардан астам ақша салған. Қазақстан мен Түркия арасында «Жаңа синергия» атты ортақ экономикалық бағдарлама бар. Құжат 6 жыл бұрын қабылданды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Анкарада Түркия-Қазақстан арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық кеңестің үшінші отырысына қатыспақ.

Алғаш рет Жоғары деңгейдегі стратегиялық кеңестің отырысы 2012 жылы Түркияда, 2015 жылы Қазақстанда өткен болатын. Ал Анкарадағы жиын қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданып, Үкімет және ведомоствоаралық құжаттарға қол қойылмақ.

Авторы: Әсем Қабылбек

Осы категория бойынша: « Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда айналымы 410 млн доллардан асты Қазақстан – Түркия үшін Азияның бір қақпасы »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы