369,01 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Германияда Қазақстан аймақтарының инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды

  • 217
  • UPD: 23:26, 13.09.2018

Мюнхендегі Экономика күнінде Қазақстан аймақтарының инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды.

Kazakh Invest ұлттық компаниясы ұйымдастырған бизнес-форумға немістің 90 компаниясының өкілі қатысқан. Бавария – Германияның ең дамыған аймақтарының бірі және еліміздің негізгі серіктесі. Қазақстан мен Германия арасындағы сауда айналымының жартысынан көбі осы өңірге тиесілі екен.

Атырау, Қостанай мен Алматы облыстары алғаш рет Баварияда өз экономикалық әлеуетін паш етті. Делегация мүшелері әр облыс бойынша қандай жобалар өзекті және қандай салаларға басымдылық берілетінін баяндап, неміс бизнесін ынтымақтастыққа шақырды.

Ульф Шнайдер, «SCHNEIDER GROUP» компаниясының басқарушы директоры:

– Аймақтардың ерекшеліктерін көрсеткені маған өте ұнады. Сондай-ақ әдемі фотосуреттердің жөні бөлек болғаны рас. Бұл жұрттың есінде жақсы сақталады. Біздің компаниямыздың Қазақстан нарығында жұмыс істеп жүргеніне 10 жылдан асты. Елдеріңіздің болашағы зор және мақсаты айқын.

Аймақтар өз жобаларын ұсынғаннан кейін, Kazakh Invest өкілдері оларды Қазақстан аумағында қалай тиімді жүзеге асыруға болатынын тілге тиек етті. Марат Бірімжан бизнес жүргізудің шарттары, салық преференциялары жөнінде және неліктен инвестицияны Қазақстанға құю керектігін түсіндірді. 

Марат Бірімжан, Kazakh Invest ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

– Қазақстан Үкіметі экономиканың басым саларында преференциялар, субсидиялар мен салық жеңілдіктерін береді. Корпоративтік табыс салығын төлеуден 10 жылға босатылады. Жаңа инвестициялық жобаларда жер мен мүлік салығы 8 жыл, ал қосыша құн салығы 5 жыл бойы алынбайды.

Кристиан Шарлах, «Linde» компаниясының өкілі:

– Біздің инвестиция үшін ең маңыздысы – елдің тұрақтылығы. Фирмамыз Қазақстан нарығында 2010 жылдан бері жүйелі жұмыс істеп келеді, осыдан екі жыл бұрын елдеріңізде инвестициямызды екі есе арттырдық және болашақта өз кәсібімізді кеңейтуды көздеп отырмыз. Неміс технологияларын елдеріңізге әкеліп, өндірістің тиімділігін арттырмақ ниеттеміз. Бұл шара Қазақстанның аймақтары жөнінде көбірек білуге көмектесті, бізді әсіресе Атырау облысы қызықтырып отырғаны рас.

Форум қорытындысы бойынша Kazakh Invest басқарма төрағасының орынбасары ауылшаруашылық пен цифрландыру салаларында жұмыс істейтін компаниялармен 3 меморандумға және Шығыс-Батыс ұйымымен экономикалық ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойды.

Болат Нүсіпов, Қазақстанның Германиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

– Бавариямен маңызды үш құжатқа қол қойылды. Бұл біріншіден, бізге бавариялық компаниялармен белсенді жұмыс істеп, Қазақстанға инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Екінші құжат агроғылымды дамытуға, ал ең маңыздысы Баварияның ғылыми-зерттеу институттарын бірлескен жобаларға жұмылдыруға жол ашты. Ал үшінші құжат цифрландыруға қатысты. 

Сонымен қатар қазақстандық делегация неміс компанияларының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. Бавария кәсіпкерлері өз қызығушылығын жасырмай, Қазақстанға инвестицияны арттыруға және кәсібін кеңейтуге дайын екендіктерін білдірді

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Осы категория бойынша: « Алматыдағы фармацевтикалық зауыт өнімін Еуропа нарығына шығаруды көздеп отыр Үкімет пен Ұлттық Банк аграрлық секторды бірлесіп қолдайды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы