366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Орталық Азия елдерінде «Шенген» визалық режимі іске қосылуы мүмкін

  • 139
  • UPD: 14:39, 18.09.2018

Жібек жолының бойында орналасқан Орталық Азия елдерінде «Шенген» визалық режимі іске қосылуы мүмкін.

Бүгінде Өзбекстан мен Қазақстан бұл мәселеде ортақ келісімдер жасап жатыр. Оған Қырғызстан мен Тәжікстан да қосылуға ниет білдірген. Егер тараптар бір байламға келетін болса, Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға ағылатын туристердің қатары едәуір өспек. Бұл туралы Жібек жолы елдерінің халықаралық форумында еліміздің Мәдениет және спорт министрі мәлімдеді. Географиялық тұрғыдан қарасақ, Орталық Азияда Қазақстан өте қолайлы орналасқан. Мұнда тарихтан сыр шертетін түрлі жәдігерлер мен киелі орындар баршылық. «Тек туризм саласының кей тетіктерін дамытсақ, саяхатшыларды өзімізге тарта аламыз», – дейді мамандар. Айта кетейік, келесі жылдан бастап түркітілдес елдердың ынтымақтастық кеңесі аясында Алматыда арнайы гидтер дайындау ісі қолға алынады.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

– Біз бірінші қадамдар жасап жатырмыз. Біздің алдыға қойған мақсатымыз зор. Қазақстан дүние жүзіндегі туризм саласында алдыңғы қатардағы мемлекеті болсын деген мақсат. Оған барлық мүмкіншілік бар.

Аймақтық туризмді дамытуға арналған «Бірлікке апарар жол» тақырыбындағы форум екі күнге жалғасады. Оның аясында төрт панельдік отырыс өтіп, түрлі елдердің туризм саласындағы тәжірибелері талқыланады. Жиынға Қазақстаннан бөлек, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Түркия, Ресей, Өзбекстан және тағы басқа елдердің өкілдері қатысып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайын қарастырады.

Чэд Чивер, саяхат кеңесшісі:

– Қазақстандық әріптестермен жұмыс істеп келе жатқаныма екі жылдай уақыт өтті. Аймақтың туристік әлеуеті зор. Бүгінде туристердің дені саяхатқа шығатын жаңа жерлер іздейді. Олар тұмса табиғат аясында тынығып, жергілікті халықтың салт-дәстүрімен танысып, асынан дәм татуды қалайды. Қазақстанда мұның бәрі бар. Тау-тас, өзен көл, тарихи мекендер жеткілікті. Дегенмен оны жарнамалау, туристердің назарына жеткізу мәселесі әлі кенжелеу. Жергілікті әріптестермен бірлесіп, осы саланы дамытуға күш салып жатырмыз.

Хабар 24 телеарнасы