365.49 420.50 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Биыл Қытайға 266 мың тонна астық экспортқа шығарылған

  • 182
  • UPD: 22:16, 18.09.2018

Қазақстан астығының 80 процентін өндіретін Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарына бидайды Қытайға экспорттауға рұқсат берілген.

Ал көрші ел өз тауар өндірушілерін қорғау үшін астықты жыл сайын квотамен сатып алады.

Оның жыл сайынғы мөлшері 4 жарым миллион тонна. Квота бойынша астық импортына 1 пайыздық қосымша құн салығы салынады, ал квотасыз салықпен қоса кедендік алымдар төленеді.

Екеуінің сомасы тауар құнының 65 процентінен асып кетеді.

Жыл сайынғы квотаның 90 пайызын мемлекеттік компания алады. Ал Қытай жылына 110 миллион тонна бидай тұтынады. Осынша алып нарықта Қазақстанның үлесі қандай екен?

– Биыл еліміз іргедегі алып көршімізге қанша тонна астық сатты? 

Нұрбек Бекен, тілші:

- Ресми мәлімет бойынша биыл жарты жылдың ішінде шығыс көршімізге 266 мың тонна астық экспорттадық. Бұл әрине егіні бітік, астық экспортында мүмкіндігі де мол еліміз үшін аз көрсеткіш. Өйткені Қытай алып нарығын қамтамасыз ету үшін ауылшаруашылығы шикізаты мен өнімдерін молынан сатып алады. Әлемнің көптеген елдері, мұндағы тұтынушылардың көңілін тауып, тауарын өткізуге мүдделі. Сондықтан Қытайдың қисапсыз нарығында бәсеке көп. Қазақстан бұл күресте алғашқы қадамдар жасап отыр.

Шығыстағы көршімізге бидай экспортының қарқыны жыл сайын өсіп келеді. 2017 жылы 307 мың тонна астық экспорттап, 57,5 миллион доллар табыс тапты. Бұл тұста дәнді-дақылдың 100 мың тоннасы квотамен, қалғаны 82 пайыздық тым жоғары баж салығымен тасымалданған. Қытай ішкі нарығын қорғау үшін осындай шара қабылдап отыр. Бұл мәселеге қатысты вице-премьер Өмірзақ Шүкеев қытайлық әріптестерімен кездесуінде былай деген болатын:  

«100 мың тонна бидай деген сіздер үшін теңізге сепкен тамшымен бірдей. Қытай Қазақстан бидайын білмейді немесе сатып алғысы келмейді деген уәжбен келіспеймін. Олай болса сіздердің кәсіпкерлеріңіз астықты квотадан 3 есе асырып, оған 82 пайыздық баж салығын төлемес еді. Әрине, бұл көлем біз үшін аз. Биыл 500 мың, келер жылы 1 миллион тоннаға дейін астық сатуға дайынбыз» деп отыр ауылшаруашылығы министрі.

- Ал Ляньюньган арқылы Қазақстан оңтүстік-шығыс Азия нарығына шығып жатқанын хабарлаған болатынсың. Биыл Вьетнамға қанша тонна астық экспорттаймыз?

- Қазақстан бидайы Оңтүстік-шығыс Азия елдеріне еркін  тасымалданып жатыр. Мәселен, биыл жыл басынан бері Вьетнамға 30 мың тонна бидай жеткізілді. Бұл туралы бізге «Ляньюньган» қазақ-қытай халықаралық логистикалық компанияның бас директоры Лю Бин айтты. Ол жыл соңына дейін 50 мың тонна астық өткізуді жоспарлап отырғанын айтады. Қазір сол сұхбатты тыңдап алайық.

Лю Бин, Ляньюньган қазақ-қытай халықаралық логистикалық компанияның бас директоры:

- Біздің мақсатымыз Қазақстанның логистикасы арқылы экономиканы ілгерлетуді көздеп отырмыз. Яғни, Алашанькоу және Қорғас кедендерінің өткізу қуатын арттыру арқылы Қытай- Еуропа бағытындағы тасымалға серпін беруге мықтап кірістік деп айтуға болады.  Биылдан бастап  Қазақстан бидайын Ляньюньган порты арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне тасымалдауды арттырып жатырмыз.  Мәселен, Вьетнамға қазіргі дейін 30 мың тонна астық жібердік. Жыл аяғына дейін 50 мың тонна астық жіберсек дейміз. Келешекте Қазақстаннан тасымалданатын өнімдердің көлемі мен түрлерін арттыруды жоспарлап отырмыз. Тек бидай ғана емес, сонымен қатар, сиыр және тауық еттерін бері қарай, ал кері бағытта жеміс-жидектер тасымалдау арқылы тасымал құнын арзандатамыз.

Естеріңізде болса биыл маусымда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға жасаған ресми сапары аясында жалпы құны 13 миллиард доллар болатын 40 құжатқа қол қойды. Соның ішінде, ауылшаруашылығы саласындағы маңызды келісімдердің бірі «ҚазАзот» АҚ- қытайлық «Cathay Industrial Biotech» және CITIC Construction компанияларымен бірлескен жобасы бар. Келісім бойынша құны 2,5 миллиард доллар бидай өңдейтін үлкен зауыт салынады. Кәсіпорынға қазақстандық диқандар келешекте 2,5 миллион тонна астық өткізеді.

Хабар 24 телеарнасы