366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жанар-жағармаймен жүретін көліктердің өндірісі толықтай тоқтауы мүмкін

  • 162
  • UPD: 19:38, 20.09.2018

2024 жылға қарай жанар-жағармаймен жүретін көліктердің өндірісі толықтай тоқтауы мүмкін.

Өйткені, әлемдік автоөнеркәсіп қазір экологиялық таза және әлдеқайда үнемді үлгілерді жасауға басымдық беріп жатыр. Осы және өзге де мәселер бүгін Астана төріндегі машина жасаушылардың форумында талқыланды.

Машина жасаушылардың форумы қазір дәстүрлі шараға айналып шыға келді. Биылғы басқосуға 20 елден мыңға жуық делегат жиналған. Олардың арасында отандық және шетелдік автоөндірушілер мен ірі бизнес өкілдері бар. Көбінің мақсаты бір. Келелі кездесулер өткізіп, ұтымты келісімдер жасау. Ал форумның басты ерекшелігі деп, алдағы 11 жылға арналған кешенді жоспар бекітілгенін айтар едім.

Ербол Сейпілов, Қазақстан автобизнес қауымдастығының техникалық реттеу бойынша директоры:

– Кешенді жоспардың мақсаты – барлық машина жасау салаларының 11 жылда даму стратегиясын қабылдау. Яғни қанша көлемде тауар шығаратыны, экспорт көлемі және мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілетіні анықталатын болады.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда жасалатын көліктерге сұраныс артып келеді. Мәселен, биыл елімізде сатылған темір тұлпардың 47 пайызы отандық үлеске тиесілі және көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда, әлдеқайда артық. Бұл – бір жағынан мемлекет жасайтын қолдаудың арқасы. Енді осы қарқыннан таймау керек. Тіпті, керек болса, «өнімділікті одан сайын арттыруға күш саламыз», – дейді форумда сөз алғандар.

Вадим Шақшақбаев, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ бас директоры:

– Машина жасау саласы тек көлік құрастырудан тұрмайды. Бұдан бөлек, әр түрлі құрал-саймандар, қосалқы бөлшектер және ауыл шаруашылығы техникасын өндіру бар. Барлық бағытқа да жан бітіріп, қарқынды дамуына атсалысуымыз керек. Яғни ақшаны сыртқа шашпай, өз экономикамызға қызмет ететіндей жағдай жасасақ дейміз.

Форумда ресми қатысушылардан бөлек, студенттердің де қарасы көп екенін байқадық. Өйткені автоөнеркәсіп саласындағы компаниялар бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін де ұйымдастырды.

Қазақстандағы машина жасау өнеркәсібі соңғы 5 жылда кең өріс алды. 2014 жылы отандық өндіріс ошақтары 370 млрд теңгенің өнімін шығарған. Қазір бұл көрсеткіш 2,3 есе артып, 870 млрд теңгені бүтіндеді. Бүгінде отандық өңдеу өнеркәсібіндегі машина жасау секторының үлесі 14,5 процент шамасында.

Хабар 24 телеарнасы