366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астана алдағы 5 жылда қалай дамиды?

  • 150
  • UPD: 20:37, 20.09.2018

Президенттің пәрменімен тақауда Астананың 2019-2023 жылдарға арналған жинақы құрылысы жөніндегі кешенді жоспары әзірленген.

Құжат басым бес бағытты қамтиды. Соның бірі – Мәңгілік ел бағыты.

Елордамыздың құрылғанына биыл – 20 жыл. Марқая айтатын, үлгі аларлық табыстарымыз баршылық. Оған әлем куә. Әсем шаһардың дамуы Президенттің тікелей бақылауында.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Көп қиыншылықтардан өттік. Осындай қала болды. Әсіресе, былтырғы, биылғы жылы қаланың қандай екенін дүниенің барлығына көрсеттік. Қолымыздан не келетіндігін білдірдік. Өнегелі қала болып, екі ғасырдың тоғысында біз сияқты қала салған ешбір мемлекет жоқ. Әлде де алдымызда істейтін жұмыстар көп.

Жұмыс көп. Тиісті жоспар дайын. Құжатқа сәйкес, жақында елордадағы құрылыс аумағы ықшамдалды. Айталық, осы кезге дейін бас қаланың инфрақұрылыммен қамту шекарасы 25 700 гектар болса, қазір ол аумақ 15 400 гектарға дейін кемітілді.

Болат Дәулетов, «Астананың бас жоспары» мекемесі директорының орынбасары:

– Қаланың алдағы бес жылға арналған кешенді жоспары бес бағыттан тұратынын айттық. Соның бірі - Мәңгілік ел бағыты.

Қорған Төреқожа, тілші:

– Мәңгілік ел – сол жағалаудағы негізгі даңғыл. Бір кездері бұл маң шөбі қаулаған, шаңы шығып жатқан тақыр жер еді. Санаулы жылда ұзатылатын қыздай құлпырып шыға келді. Көше емес, бүтін бір даңғыл салынды. Көркіне көз тоймайтын үйлер мен ғимараттар бой көтерді. Мәңгілік ел əлі түрленеді. Айталық, мына арканың маңында алдағы бес жылда алты, жеті қабаттан тұратын классикалық үлгідегі үйлер салынады. Құдды бір Еуропадай болады. Ал ЕХРО жағында биік заманауи үйлер бой көтереді.

Жоспар ауқымды. Мәңгілік ел даңғылы өсе түседі. Жалпы бас қалада алдағы 5 жылда 10 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 546 мың адам баспанамен қамтамасыз етілмек. Бұған қоса, 37 мектеп, 13 денсаулық сақтау нысаны бой көтереді. Осылайша, елорда құдды Есіл өзенінің ағысындай толассыз дамиды. Өсіп, өркендейді. Тек қала емес, халық саны өседі. Айталық, 2023 жылы қала халқының есебі бір жарым, ал 2030 жылға қарай екі миллионға жетеді деген болжам бар.

Авторы: Қорған Төреқожа

Хабар 24 телеарнасы