366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда инвесторлардың құқығын қорғауға бағытталған шаралар қолға алынды

  • 69
  • UPD: 14:01, 21.09.2018

Павлодар облысындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның мұрындық болуымен «Protecting Business and Investments» жобасы жүзеге асырылуда.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанынан фронт-кеңсе ашылып, инвесторлардың құқығын қорғауға бағытталған шаралар қолға алынды. Бүгінгі күні мекеме өкілдері мен кәсіпкерлер арасында 10-нан астам келісімшарт жасалды.

Павлодар қаласының іргесіндегі Жетекші ауылында ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Қытайлық кәсіпкер өсімдік майын өндіруді көздеп отыр. Зауыттың жылдық қуаттылығы 30 мың тонна болады деген болжам бар. Заманауи жобаға 1 млрд теңгеден астам инвестиция құйылған. Жоба қолға алына бастаған сәтте кәсіпкер бюрократиялық кедергілерге ұшырап, сыбаслас жемқорлыққа қарсы мекеме мамандарының көмегіне жүгінген.

Чжан Ян Цю, кәсіпорынның бас директоры:

- Әкімшілік кедергілер көп болды. Сонымен қатар көші-қон саласындағы проблемалар туындады. Технологиялық желі жабдықтарын құрастырған мамандардың құжаттарын рәсімдеуде қиындықтар болды. Бақытымызға орай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері қол ұшын созып, бәрін шешіп берді.

Бүгінде 10 шағын және орта бизнес нысаны жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің қамқорлығында.

Нұрлан Жахин, МҚІСЖҚІА облыстық департамент басшысының орынбасары:

- Кәсіпкерлер өзінің қызметінде немесе өзінің жобасы аясында бір құрылыс жасап жатқан кезде немесе қызмет жүргізіп жатқан кезде сыбайлас жемқорлық фактілерімен кездесіп қалса немесе бопсалау арқылы олардан пара талап етіу мүмкін. Сол уақытта біз оларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу жасаймыз. Яғни құқықтық негізде қолдау көрсетеміз.

Жұмырқа өндіретін бұл кәсіпорын да қиындықтарға тап болды. Құс фабрикасы өнім үшін 60 млн теңге көлеміндегі субсидия ала алмай отыр. Белгісіз себептерге орай субсидияға арналған қаржы бюджетте қарастырылмаған. Мәселенің жай-жапсарын мамандар анықтамақ.

Владимир Кадкадамов, құс фабрикасының атқарушы директоры:

Кез келген кәсіпорын субсидия қаржысына үміт артатыны анық. Себебі өндіріс көлемін арттыру керек, нарық сұранысын өтеу қажет. Қолдан келгенше жұмыс істеп жатырмыз. Өндірісті тоқтатуға болмайды. Бірақ субсидия ауадай қажет. Бүгінде құс жемі, құрал-жабдықтар қымбаттап жатыр.

Бірнеше ай бұрын фронт-кеңсеге 26 кәсіпкер келіп, мәселелерімен бөліскен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары бизнесмендердің заңды құқықтарын қорғап, көмек көрсеткен.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы