366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

БҚО-да күзгі жиын-терім аяқталуға жақын

  • 178
БҚО-да күзгі жиын-терім аяқталуға жақын

Батысқазақстандық диқандар дәнді дақылдарды орып бітті.

Алайда астықты алқаптың өнімділігі биыл көптің көңілінен шықпай отыр. Қуаңшылыққа байланысты 40 мың гектардай егін есептен алынған. Ал қамбаға құйылған бидайдың мөлшері өткен жылғыдан екі есе аз. Есесіне шаруалар картоп пен көкөністен мол өнім алудан үмітті. Дәл қазір картоптың жартысынан көбі жиналды.

Анатолий Канның көкөніс еккеніне он жылға жуықтапты. Алғашында Атырау облысында пияз салса, кейін жері құнарлы Орал өңіріне біржола тұрақтаған. Тамшылата суару тәсілін қолданып, агротехникалық шараларды сақтау нәтижесінде жылда мол өнімге қол жеткізіп келеді. Биыл да әр гектардан 80 тонна пияз жинапты. Бұл – Батыс Қазақстан үшін рекордтық көрсеткіш. 

Анатолий Кан – шаруа қожалығының жетекшісі:

– 60 гектарға пияз ектік. Былтыр 65 тоннадан келсе, биыл әр гектардан 80 тоннадан жинап жатырмыз. Уақытылы егіп, түрлі зиянкестерге қарсы күрес жүргіздік. Бұл ретте мемлекет қолдауының орны ерекше. Жаңа техникаға, минералды тыңайтқыштар мен гербицидтерге субсидия алдық.

Биыл өңірде 5 мың гектарға көкөніс пен бақша егілсе, 4300 гектарға картоп отырғызылған. Екінші нанға баланатын азықты жинау жұмыстары қазір бел ортадан ауды.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

– Бұрын арнайы жер қазғыш техникалар жүріп өткен соң, жүздеген, мыңдаған жұмысшылар жабыла жүріп, жерге жартылай көміліп жатқан картоптарды шелекке салып, одан соң қаптап, контейнерлерге жеткізетін. Ал қазір ондай көріністі егіс алқаптарынан кездестіре алмайсыз. Бүгінде картоп жинау жұмыстарын техникалар бір өзі атқарады.

Зеленов ауданындағы «Август» шаруа қожалығы – алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі. 300 гектар алқаптың әр гектарынан 200 центнерден өнім жинауда. Шаруалар маусым айындағы салқындық пен артынша күннің күрт ысуы картоптың шығымына кері әсер еткенін айтады.

Сергей Четвертаков, шаруа қожалығының өкілі:

– Жиын-терімді енді екі аптада аяқтауды көздеп отырмыз. Былтыр 300 центнерден өнім алып едік, биыл гектарына 200 центнерден келуде. Оған да шүкір. Өйткені биыл ауа райы аса қолайсыз болды. Өнімді Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарына және ішінара Ресей мен Оңтүстік Қазақстанға жіберіп жатырмыз.

Күні бүгін облыста 32 мың тонна картоп жиналған. Жоспар бойынша 63 мың тонна қоймаға құйылмақ. Өңір қажеттілігін өтеуге ол толық жеткілікті. Ендігі міндет – алынған өнімді келер көктемге дейін сақтап, баға қымбатшылығының алдын алу.

Денис Омашев, облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

– Жалпы көлемі бүгінгі таңда 33 мың тонна құрап отыр, 53 көкөніс сақтау қоймасы бар. Соңғы 3-4 жылда 10-15 сақтау қоймалары салынды. Бұл жерде мемлекет тарапынан да оларға жақсы көмек көрсетіліп отыр. 25 пайызға дейін кеткен шығынды қайтарады, инвестициялық салымдарды ішінара қайтару бойынша.

Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тұрақтандыру қорының орны бөлек. Өткен күзде сатып алынған 1300 тонна картоп баға қымбаттағанда, сауда сөрелеріне шығарылған еді. Ал қорға биыл жиналар азық-түлік көлемі таяу уақытта белгілі болмақ.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Р. Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы