366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістанда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде

  • 205
  • UPD: 21:55, 23.09.2018

Түркістан қаласында құрылысқа қажетті өнімдер шаһардағы индустриалды аймақта өндіріледі.

Қазір кірпіш шығаратын зауыт пен темір бетон бұйымдарын өндіретін кәсіпорын тынымсыз жұмыс істеп тұр.

Түркістан қаласындағы индустриалды аймақта орналасқан кәсіпорын кірпіш шығарумен айналысады. 2015 жылы іске қосылған зауыттың аумағы – 3 гектар. Кәсіпорынның жобалық құны – 340 млн теңге. Зауыт өткен жылы 5 млн дана кірпіш шығарған. Биыл 10 млн-ға жеткіземіз деп отыр. Қазір бұнда 35 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.

Данияр Әбенов, жұмысшы:

– Жұмыс іздеп сандалып Алматыға баратын едік, бірде болады, бірде болмайды. Мына жерде әрдайым жұмыс бар. Жақсы болды. Өзімізге ұнайды. Естігеннің бәрі осы жерге келіп, жұмысын істеп, ақшасын алып кетеді. 

Кірпіш зауытында шығарылатын дайын өнімнің барлығы қаладағы құрылыс алаңдарына жөнелтіледі. Себебі облыс орталығында құрылыс ауқымы артқандықтан, жергілікті өнімге сұраныс артқан.

Болат Қыдыралиев, кәсіпорын басшысының орынбасары:

– Тәулігіне 35 мың қыш шығарамыз. Шығарылған кірпіштерді осы Түркістан облысында жүріп жатқан құрылыстарға жөнелтеміз. Сұраныс көп, өте жоғары. Тағы бір цехты іске қосып жатырмыз.

Сондай-ақ Түркістандағы индустриалды аймақта темір бетон бұйымдары да өндіріледі. Кәсіпорында тұрғын үйге қажетті бетон жабындылары мен есік-терезе белдемшелері шығарылады. Шикізаттың барлығы жергілікті жерде өндіріледі. 40-тан астам адам тәулігіне 200 шаршы метр бетон жабындысын құяды.

Бұдан бөлек, индустриалды аймақта жиһаздың 200-ге жуық түрін шығаратын кәсіпорын бар. Дайын өнім еліміздің барлық өңірлерімен қатар, Ресейге экспорталады.

Жандос Жұмабек, тілші:

– Болашақта жиһаз өнімдерін әлемдік нарыққа шығару жоспарланып отыр. Соңғы үлгідегі жаңа технологиямен жабдықталған кәсіпорында 100-ден аса адам еңбек етеді. Айта кетейік, қазір индустриалды аймақта 6 кәсіпорын жұмыс істейді. Болашақта Түркістан өндірісі өркендеген өңірге айналатындықтан, қаладағы 40 гектар жерге орналасқан индустриалды аймақ көлемін 7 есе ұлғайту көзделіп отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы