366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандық заманауи электровоздар Әзербайжан теміржолдарында жүре бастады

  • 120
Қазақстандық заманауи электровоздар Әзербайжан теміржолдарында жүре бастады

Қазақстанда шығарылған заманауи электровоздар Әзербайжан теміржолдарында жүре бастады.

Келісімшарт бойынша, отандық зауыт бұл елге 50 электровоз жөнелтуі тиіс. Елімізде жасалған техниканың сапасына Әзербайжан мамандары жоғары баға беріп отыр. Осы арқылы елдегі теміржол тасымалының көлемі едәуір артпақ.

Жедел, үнемді әрі қуатты. Әзербайжан мамандары қазақстандық электровоздарға осындай баға беріп отыр. Бұл елге 10 жолаушы және 40 жүк локомотиві жеткізіледі. Заманауи электровоздар елдегі теміржол тасымалының көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік берері сөзсіз.

Ядигар Ширмамедов, Баку локомотив депосының бастығы:

– Бұл электровоздарды жақында Қазақстаннан әкелді. Қазір оларды тексеріп жатырмыз. Бұрынғылардан айырмашылығы, қуатты аз жұмсап, көбірек вагон тарта алады. Үнемді электровоздар. Машинистің кабинасы заманауи құралдармен жабдықталған.

Жолаушы локомотив сағатына 160 шақырым жылдамдықпен жүруге қауқарлы. Модульдік дизайнына орай ол өте берік. Аз сынатындықтан, пайдалану кезіндегі шығыны да көп емес. Оларды игеру үшін машинистер арнайы оқудан өткен.

Вагиф Мусаев, машинист:

–– Бұрынғы локомотивтердің жылдамдығы сағатына 100 шақырым болған. Ал жаңалары 160 шақырым жылдамдықпен жүре алады. Сондай-ақ бұл локомотивтер екі жүйелі, тұрақты да, ауыспалы токтан да істейді. Ескі локомотивтер 15 вагон тартса, бұған 25 вагон жалғауға мүмкіндік бар.

Осы локомотивтер Баку-Тбилиси-Карс бағытында да қолданылады. Қазіргі кезде олардың сынағы жүріп жатыр. Ал келесі жылдан бастап қазақстандық электровоздар ел аумағы мен шет елдерге де жолаушылар мен жүкті тасымалдай бастайды.

Авторы: Шафаг Алиева

Хабар 24 телеарнасы