360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда ДСҰ-ға қосылу жөніндегі VII жиын өтті

  • 280
  • UPD: 22:35, 26.09.2018

Дүниежүзлік сауда ұйымына қосылудың мәні не? Мүше мемлекеттер сауда-саттықта қандай жеңілдіктерге ие? Ұйым аясындағы алыс-берістің артықшылығы қандай? Осы және өзге де мәселелер бүгін Астанада өткен арнайы жиында қаралды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халықаралық шарада Қазақстан өзге үміткер елдерге ұйымның қатарына өтудің жолдарын үйретті?

Бес жұлдызды қонақ үй. Алматының апорты. Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылу жөніндегі VII жиынға келушілерді осылай қарсы алдық. Қонақтар не алманы таңдарын, не бейджикті аларын білмей екі ойда жүр. Қазақстанның беделді ұйымға мүше болғанына биыл үшінші жыл.

Жанар Айтжанова, Қазақстанның ДСҰ жанындағы тұрақты өкілі:

- Ұйымға кірерде біздің өндірісіміздің бәсекелестігі артады деп еді. Артты ма? Қандай шарапатын көріп жүрміз? Ол статистиканы, нәтижелерді әлі айту ерте. Бірақ қазіргі күні біздің экономикамыздың қызмет көрсету саласына келіп жатқан инвестициялар біздің ДСҰ-ға кіру барысында алған міндеттемелеріміздің нәтижесі болып табылады.

Мәртебелі меймандар кездесті. Қол алысты. Қазақша мал-жан сұрасып, пікір алмасты. Биік мінбер, жоғары лауазым. Бұл жерде Дүниежүзілік сауда ұйымының басшылығы бар. Экономикалық бірлестікке мүше мемлекеттердің өкілдері және бар. Қысқасы, тағы бір берекелі отырыс болды. Осы ұйымға кіруге ниетті елдер мол тәжірибе жинайтындай жиын өтті.

Алан Вулф, ДСҰ Бас директорының орынбасары:

- Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру үшін Грузия, Қазақстан мен Ресей аз тер төккен жоқ. Бұл елдер белгілі бір міндеттемелерді өз мойнына алды. Ашық теңізге тікелей жолы жоқ мемлекеттер үшін жаһан саудасын реттеп, тауар айналымын бақылап отыратын ұйымның мүшесі болу өте маңызды.

Көп еңбек көл-көсір табыс әкеледі. Қазақстан осы ұйымға мүше болғаны сол еді, шетелдік банктер мен сақтандыру компаниялары біздің елде өз өкілдіктерін ашуға құлшына бастады. Сөйтіп, қаржы саласында бәсекелестік пайда болмақ. Есесіне, жаңа нарыққа жол ашылып, сауда-саттық ұлғаяды.

Жанар Айтжанова, Қазақстанның ДСҰ жанындағы тұрақты өкілі:

- Бүгінгі форум сол тәжірибемізбен бөлісу болып табылады. Мысалы Еуразия аймағында Беларусь, Өзбекстан, Әзірбайжан ДСҰ-ға кіру туралы келіссөздерін жүргізіп жатыр. Сол мемлекеттермен Қазақстанның, Қытайдың және басқа да елдердің тәжірибелерін бөлісу туралы осы форумға қатысып отырмыз.

Бүгінде сауда ұйымына 164 мемлекет мүше. Тағы 22 ел осы ұйымға кіруге талпынып отыр. Заман көшіне ілесу үшін Қазақстанның тәжірибесі бұларға өте маңызды. Өйткені біздің әлем нарығына береріміз мол.

Алан Вулф, ДСҰ Бас директорының орынбасары:

- Апорт өте тамаша. Әлемдік нарыққа экспорттауға келетін тамаша өнім.

Авторлары: Ж.Біркенов, С.Қоңырбаев, А.Дүйсембаев

Хабар 24 телеарнасы