366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Altai Invest-2018 форумы аясында 295 млрд теңгенің меморандумына қол қойылды

  • 173
  • UPD: 23:07, 27.09.2018

Өскеменде Altai Invest-2018 халықаралық форумы аясында 295 миллиард теңгенің меморандумына қол қойылды, деп хабарлайды  «Хабар 24».

Венгрия, Корея, Қытай, Иран мен Австралия сынды оннан астам  шетел кәсіпкерлері қатысқан басқосу ірі жобаларға жол ашты. Мәселен облыс орталығында құны 21 миллард теңге болатын аурухана салу туралы келісімшарт жасалды.

Сонымен қатар сыйымдылығы 3 мың тоннаға жететін көкөніс қоймасы да бой көтеретін болады. Өлкеде бұдан өзге де маңызды инвестициялық бастамалар жүзеге асырылмақ.

Өскеменде өткен дәстүрлі Altai Invest-2018 халықаралық форумының биылғы нәтижесі де жаман емес. 50-ге жуық келісімшарт пен меморандумға қол жеткізілді. Ең ұтымды идеялар қаржылық қолдау тапты. Яғни болашақтағы әлеуеті зор әлеуметтік жобалардың діңгегі қадалды.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

- Өскемен қаласында жаңа 300 орындық аурухана саламыз. Содан кейін мына цифрландыру саласында өзіміздің жергілікті «Сергек» компаниясымен бірге 8,1 миллиард теңгеге жаңа цифрландырылған құрал-жабдықтар аламыз.

Форумда шетелдік инвесторларға 100-ден астам ұсыныс таныстырылды. Мәселен өлкеміздегі емдік шөптер мен панты өнімдеріне қызыққан Корейлер осы салада әріптестікті нығайтпақ. Ал Қытайлық инвесторлар 8-ші үлгідегі жылыжай салуға ниетті.

Айта кеткен жөн, Жарма ауданында Аспан асты елінің тағы бір ірі жобасы аяқталуға жақын.

Чжао Пэн, жоба менеджері (ҚХР):

-Қазір құны 5 миллард теңгеден асатын күн электр станциясының құрылысы жүріп жатыр. Келесі жылдың соңында аяқтаймыз деп отырмыз. Жалпы қуаттылығы 30 мгВ. Салынған қаржы 10 жыл ішінде ақталады.

Аймақ басшылары алдағы жылдары Altai Invest форумына қатысушы елдердің географиясы кеңейді деген сенімде. Өйткені ол тек облыстың ғана емес еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыратын алаңға айналып отыр.

Авторлары: Э.Ахметова, Д.Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы