366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысы мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 16 млн долларға жеткен

  • 239
  • UPD: 23:45, 27.09.2018

Маңғыстау облысы мен Өзбекстанның Хорезм облысы арасында сауда-саттық пен экономикалық байланысты арттыруға бағытталған бірқатар келісім жасалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көрші елдің іскер азаматтары қазақстандық әріптестерімен бірлесіп, жылыжайға қажетті материалдар, фармацевтикалық өнімдер мен ауылшаруашылығы техникаларын шығаратын кәсіпорындар ашуға ниетті. Ал маңғыстаулық кәсіпкерлер Хиуа жеріне шақпақ қант, минералды тыңайтқыштар мен электр жабдықтарын экспорттауға дайын.

Биыл 8 айда Маңғыстау облысы мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 16 миллион долларға жеткен. Бұл көрсеткішті ұлғайту үшін маңғыстаулық кәсіпкерлер Өзбекстанның солтүстік батысындағы Харезм облысына барды. Аймақ нарығын зерттеп, осы салада әріптестік орнатпақ.

Нұрболат Жүсіп, кәсіпкер:

- Кәсіпорынның тәулігіне 5 тонна шақпақ қант шығаратын қуаттылығы бар. Қазіргі таңда ол цехтың қуаттылығы тек қана 40%-ға жұмыс жасап тұр. Ары қарай қуаттылығын арттыру үшін біз экспорт нарығын зерттеп жатырмыз. Себебі біздің Маңғыстау мен Хорезм облысының ара қашықтығы жақын. Сондықтан тасымалдау, логистика жағынан ыңғайлы болып тұр.

Хорезм аймағы – 100% ауылшаруашылығына негізделген. Мұнда мақта мен бақша өнімдері өсіріледі. Маңғыстаулық кәсіпкерлер өзбек шаруаларымен келісіп, аймаққа көкөніс және жеміс-жидек тасып, халықты сапалы әрі арзан өніммен қамтуды көздеп отыр. Көрші елде өткен бизнес-форумда екі өңірдің кәсіпкерлер палатасының басшылары кәсіпорындарда өзара тәжірибе алмасып, бизнестегі әріптестікті арттыруға уағдаласты. Сондай-ақ «Ақтау теңіз порты» мен «Хазарасп» экономикалық аймақтары арасында да ынтымақтаса жұмыс істеуге келісім жасалды.

Ералы Тоғжанов, Маңғыстау облысының әкімі:

- Бірнеше меморандумға қол қойды. Маңғыстау мен Хорезм облысы арасындағы қарым-қатынас, соның айналасындағы 3 меморандум да экономикаға тікелей әсер тигізетіні бір. Екіншіден, бизнес-ортаның бір-бірімен қарым-қатынасын тығыз нығайтатыны оған да толық мүмкіндік жасалғанын байқадыңыздар. Өткен жылғы тауар айналымының өзін 2 есе өскенін ескеретін болсақ, биылғы осы меморандумның арқасында қарым-қатынасты нығайтуға толықтай мүмкіндік бар.

Фархад Эрманов, Хорезм облысының хакімі (Өзбекстан):

-Біз Маңғыстау облысымен көлік-логистика саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастығымызды арттыруға мүдделіміз. Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы Сочидің Имертин портына, әрі қарай Түркия арқылы Орталық және Шығыс Еуропаға жүк тасымалдауға болады. Осы саладағы байланысты дамыту екі ел үшін де тиімді.

Сапар аясында Ақтау мен Хорезм облысының орталығы Үргеніш қаласы арасында бауырластық туралы келісімге қол қойылды. Үргеніш басшылары болашақта Ақтауға тіке әуе рейсін ашуды жоспарлап отыр.

Былтыр Харезм облысы мен Қазақстан арасындағы тауарайналым 12 млн долларды құраған. Оның 75%-ы экспорт, 25%-ы импорттың үлесінде. Бұл көрсеткіш келер жылы екі есеге дейін өседі деп күтілуде. Себебі Бейнеуден Өзбекстан шекарасына дейін салынып жатқан автожол алдағы қараша айында аяқталып, пайдалануға берілмек. Көрші елге ашылатын жаңа жол жаңа байланыстың нығайып, алыс-беріс пен барыс-келістің артуына мүмкіндік береді.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы