366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ертіс өңірінің шаруалары цифрлық технологияның игілігін көруде

  • 107
  • UPD: 07:48, 28.09.2018
Ертіс өңірінің шаруалары цифрлық технологияның игілігін көруде

Жаңашылдықты алғашқылардың бірі болып енгізгендердің қатарында Шарбақты ауданының диқандары бар.

Биылғы күзгі жиын-терім мен көктемгі дала жұмыстары барысында алқаптар цифрландырылды. Осы жолы еңбеккерлер егістік және шабындық жерлерді ғаламтор арқылы бақылап, ауылшаруашылық үрдістердің барлығын онлайн-режимде қадағалау мүмкіндігіне ие болды.

Осы алқапқа орақ екі апта бұрын түсті. Павлодарлық селекцияның «Юбилейная» сұрпы егілген. Биыл бұл шаруашылықта астық тұқымы 36 мың гектарға жуық жерге себілді.  Шаруалар ауа райы қолайлы болып тұрғанда бидайды төгіп-шашпай орып алуға асық.

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Диқандар қауымын таңғы жетіден кешкі тоғызға дейін осы алқап басынан көруге болады. Биылғы науқанның шығымдылығы жаман емес. Гектарынан шамамен 15-20 центнер астық алынып жатыр. Енді шаруалар 500 гектарлық алқаптың 20 пайызынан ғана өнім алу қалды.

Бүгінде алқаптардың 62%-ынан өнім жиналды. Шаруалар қамбаға 500 мың тонна бидай құйды. Мамандар астықты қабылдау, кептіруде мәселелер туындамайтынына сенімді.

Нұрболат Мақашев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Алты астық қабылдау пункті жұмыс істейді. Барлығы бүгінгі күні қабылдауға дайын. Жалпы қуаттылығы – 26 мың тонна. Бүгінгі күні элеваторларға 35 мың тонна астық жеткізілді. Жалпы жүктеме – 35 пайыз. Сонымен қатар 700 мың тоннаға қоймалар бар. Осы облыста 71 кептіру құралы да бар. Жалпы қуаттылығы, бір күндік күші – шамамен 1600-1700 тонна.

Владимир Мандрыканың комбайнды тізгіндегеніне 40 жылға жуықтапты. Биылғы жиын-терімге көңілі тоқ. Астық бітік шықты, қолда заманауи техника бар. Былтыр жаңа комбайнға ие болып, цифрлық технологияның игілігін көрді.

Осы жылы егістік алқаптардың барлығы цифрландырылды. Сонымен қатар арзандатылған жанар-жағармайды тасымалдау үрдісі электрондық форматқа көшірілді.

Сымбат Шахметова, Шарбақты аудандық кәсіпкерік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Барлығы электронды форматқа көшіріледі. Шаруалар қауымы көктемгі дала, күзгі жиын-терім барысында өз алқаптарын онлайн-режимде бақылап, қағазбастылықтан арылады. Бүгінде заманауи технологияны меңгеріп жатырмыз. Енді мал жайылымдарын да цифрландырамыз.

Биыл жердің ебін тапқандар жасымықты өсіру технологиясын толық меңгеріп, шетел нарығына жеткізбек. Солтүстік өңір үшін дәстүрлі емес бұршақтұқымдас өнім жергілікті климатқа бейімделіп, бітік шықты.

Осы жолы шарбақтылық диқандар жасымықтың екі сұрпын өсірді. Алғашқысы Азия халықтары сүйіп жейтін қызыл жасымық болса, екіншісі – Еуропа құрлығында жоғары сұранысқа ие жасыл жасымық. Тұтынушылардың сұранысын өтеу мақсатында шаруалар 1500 тоннадан астам өнімді шетелге тасымалдамақ.

Сұранысты өтеу оңай емес. Шетедік тұтынушы тек жоғары сұрыпты талап етеді. Ол үшін шаруашылық фотолепараторлық кешен сатып алған. Заманауи құрылғы астықты тазартып, тек жақсы түрлерін іріктейді. Биыл павлодарлық жасымыққа еуропалық кәсіпкерлер қызығушылық танытқан.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы