Warning
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 137
360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмола облысында еліміздегі ең ірі құс фабрикасы іске қосылды

  • 128
  • UPD: 09:36, 02.10.2018

Еліміздегі ең ірі құс фабрикасы Макинск қаласының маңында, яғни Астананың азық-түлік белдеуінде орналасқан.

Кәсіпорынның негізгі өнімі – мұздатылған құс еті. Мұндағылар әзірге жылына 25 мың тонна ет өндіруге қауқарлы. Ал 2020 жылға қарай фабрика толық қуатта жұмыс істеуге көшкенде еліміздегі құс етіне деген сұранысты 15 пайызға дейін қанағаттандырмақ жоспарда. Биыл өндіріс ошағында 800-ге жуық жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады. Ал фабрика толық қуатты өндіріске көшкенде 1 мыңнан астам адам екі қолға бір күрек табатын болады.

Макинск құс фабрикасы – ірі инвестициялық жоба. Кәсіпорынды тұрғызуға 33,5 млрд теңге қаржы жұмсалған. Бұл соманың 16,1 млрд теңгесін Индустриаландыру бағдарламасы аясында «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – Қазақстанның даму банкі бөлген. Бұдан бөлек жобаға «Қазына капитал менеджмент» пен «Aitas kz» компаниялар тобы да өз қаржысын жұмсаған.

Болат Жәмішев, «Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарма төрағасы:

– Құс фабрикасы 9 алаңда. 48 құс қорасы бар. Өнімді дайындайтын фабрика да бар. 2020 жылы екінші кезегі басталады.

Екінші кезегін қосқанда, екі есе үлкейеді.

Әзірге кәсіпорынның бірінші кезеңі іске қосылды. Ол жылына 25 мың тонна ет өндіруге қауқарлы. 2020 жылға қарай екінші кезең іске қосылу нәтижесінде өндіріс ошағы Орталық Азиядағы ең ірі құс фабрикасына айналады. Ол кезде кәсіпорын жылына 50 мың тонна бройлер етін өндіретін қуатта болмақ.

Марсия Фавале, «Қазақстанның даму банкі» АҚ тәуелсіз директоры:

– Біз кез келген жобаны қаржыландырар алдында бизнес-ұсынысты жан-жақты сараптап қараймыз. Акционерлер мен басшылықты бағамдаймыз. Оған қоса сектордағы экономикалық нәтижелерін, жалпы Қазақстан халқына әкелер пайдасын да назардан тыс қалдырмаймыз. Макинск құс фабрикасы мемлекеттік қаржының импортты алмастыру мен жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында тиімді жұмсалып жатқандығының мысалы бола алады.

Жалпы инкубаторға алғашқы жұмыртқа 6 қыркүйекте салынып, 21 күннен соң алғашқы балапандар шықты. Балапан өсіріп, ет өңдейтін және жем дайындайтын цехтар жыл соңына дейін кезең-кезеңімен іске кіріседі.

Жандар Құтбай, «Baiterek venture fund» АҚ басқарма төрағасы:

– Біздің қор бұл жобаға 9 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйды. Қаржыны 2023 жылға қарай белгілі бір өсіммен қайтарып аламыз. «AITAS KZ» компаниясын таңдаған себебіміз бұл компания құс етін өндіруде елімізде алдыңғы қатарда келеді. Қазірдің өзінде 5 млн-нан астам қазақстандықтарды сапалы құс етімен қамтамасыз етіп отыр.

Құс фабрикасының негізгі өндіретін өнімі – мұздатылған бройлер тауығының еті. Кәсіпорын тауардың 60 пайызға жуығын Астана мен Қарағанды қалаларында саудаламақ. Өндіріс ошағы толық қуатта жұмыс істей бастағанда, өнімді экспортқа да жөнелтпек ойда.

Серік Толықбаев, «Aitas kz» АҚ құрылтайшысы:

– 10-15 пайызды сыртқа шығаруымыз мүмкін. Қазір жұмыстар істеп жатырмыз. Ресейді қарап отырмыз. Басқа да ойымыз бар.

Кәсіпорын 2020 жылға қарай елдегі құс етіне деген сұранысты 15 пайызға дейін қанағаттандыра алады. Сол уақытта Қазақстанға импортталатын тауық етінің көлемі 50 пайыздан 30 процентке дейін азаймақ. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, шамамен 2 жылдан соң отандық, сапалы тауық етінен тарықпайтын боламыз.

Авторлары: Риат Шони, Әліби Жүніс

Хабар 24 телеарнасы