360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордада әлемдік ірі мұнай холдингтерінің өкілдері бас қосты

  • 139
  • UPD: 08:18, 02.10.2018

Астанада Дүниежүзілік мұнай кеңесінің отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елімізде екінші рет ұйымдастырылған ауқымды шараға 30 елдің өкілдері қатысуда. Алғаш рет форум 2012 жылы өткізілген болатын.

Елорда кезекті рет халықаралық келіссөздердің алаңына айналды. Осы жолы бас шаһарда әлемнің ірі мұнай холдингтерінің өкілдері бас қосып жатыр. Күн тәртібіндегі басты мәселе – жиырма үшінші Әлем мұнай конгресіне дайындық. Аталған шара 2020 жылы АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтеді.

Талғат Қарашев, «Kazenergy» бірлестігінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі атқарушы директоры:

– Бұл жиналыстың маңыздылығы – еліміздің мұнай инвестициясын көбейту. Соңғы жылдары инвесторларға жеңілдіктер жасап жатырмыз.

Геологиялық барлау жұмыстарына да елеулі инвестиция қажет. Елімізде өндірілетін қара алтынның 80-ге жуық проценті – Қарашығанақ, Теңіз және Қашаған мұнай-газ кен орындарынан алынады. «Kazenergy» өкілдерінің айтуынша, жер қойнауындағы қор ондаған жылға жеткілікті. Алайда жаңа кен орындарын ашу қажет. Кейбір заңнамалық актілерге өзгетулер мен толықтырулар енгізілсе, ірі халықаралық компаниялардан инвестициялық ұсыныстар саны едәуір артуы мүмкін екенін айтады сарапшылар.

Рүстем Қабжанов, «Kazenergy» бірлестігінің мұнай-газ саласын дамыту жөніндегі атқарушы директоры:

– Тың шешімдер керек. Мәселен, жер қойнауын пайдалану туралы құқықты бәссаудаға қойсақ, шетелдік компаниялар шешуші қадамға бара алады. Өзара бәсекелестіктің арқасында жеңімпаз кәсіпорын өндірістік жоспарын ойдағыдай жүргізуге мүмкіндік алады.

2025 жылға қарай еліміз әр жылы 100 млн тоннадан астам мұнай өндіруді көздеп отыр. Саладағы қарқын әлемдік нарықтағы бағамен бірге артып келеді. Мұнайдың баррелі 70 АҚШ долларынан да жоғары болуы мүмкін. «Сонымен қатар мұнай құнының аспандауы белгілі бір тәуекелдерге әкелуі ықтимал», – дейді мамандар.

Рүстем Қабжанов, «Kazenergy» бірлестігінің мұнай-газ саласын дамыту жөніндегі атқарушы директоры:

– Егер біз 2 жыл бұрын 50 долларды қолайлы баға деп санап келсек, мұнай экспорттаушы елдердің бүгінгі құны баррелі үшін 70-80 АҚШ долларына тең. Алдағы уақытта 100 долларға жетсе де, таң қалмайтын жағдайға жеттік. Мемлекет бюджетіне түсер қаражаттың артары сөзсіз, алайда нарық өз дегенін істетпей қоймайды.

Халықаралық энергетикалық агенттіктің болжамы бойынша, 2023 жылы мұнайдың әлемдік сұранысы 7 млн баррельге көтеріледі. Сонымен қатар  оның төрттен бір бөлігі мұнай-химиялық өнеркәсібінде қолданылады. «Аталған саланың кемел келешегі бар», – дейді отандық сарапшылар.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Индира Тегжанова, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы