360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жетісу өңірінде алма жинау науқаны аяқталуға жақын

  • 365
  • UPD: 08:21, 02.10.2018

Жалпы Алматы облысында 13 мың гектардан астам алма және алмұрт бағы бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның 2 мың гектардан астамы – заман талабына сай отырғызылған интенсивті бақтар. Өңірде цифрлық технологиялардың көмегімен шаруасын шарықтатып отырған фермерлер де жеткілікті.

Интенсивті бақтағы алма ағаштарының ауырмай өсіп, сапалы жеміс беруін қадағалау – Нариман Тұрсынбаевтың міндеті. Ол «Болашақ» бағдарламасымен Германияда молекулярлық биотехнологияны оқып қайтқан. Ал ғана станция «I metos» деп аталады. Цифрлық технологияның арқасында Нариман құнды мәліметтерге қол жеткізіп отырады.

Нариман Тұрсынбаев, өсімдіктерді қорғау маманы:

– Мысалы, алмада ең көп кездесетін ауруды «парша» дейді. Вентура қоздырғышы. Ол саңырауқұлақ. Оның көбеюіне ең қолайлы кез – 20-25 градус температура, яғни ылғал жоғары болғанда. Сондай жағдайда «I metos» станция біздің компьютерга дыбыс жіберіп отырады.

Интенсивті бақтың тағы бір ерекшелігі, әр гектарға 3,5 мың түп көшет отырғызылады. Осы кәсіпті 2013 жылы қолға алған компания алма бақтың көлемін бүгінде 150 гектарға жеткізген.  

Ұлан Нарынбек, тілші:

– Шаруашылықта алманың 14 түрі өсіріледі. Соның бірі – Жапониядан әкелінген Фуджи алмасы. Агрономдардың айтуынша, күншығыс елінен әкелінген алманың бұл түрі қазақ топырағын жатсынбай жақсы өнім беруде.

Биыл өнім жаман емес. Әзірге әр гектардан 35-40 тоннадан айналып отыр. Бұған тамшылап суару әдісі мен бұршақтан қорғайтын жамылғы да оң әсерін тигізген. «Ендігі міндет – алманы 10 қазанға дейін толық жинап бітіру», – дейді шаруашылықтың агрономы Жанболат Ахметов.  

Жанболат Ахметов, агроном:

– Ағаштардың алмасын уақытында теріп алмасақ, келесі жылға гүлдейтін бүршіктер нашар болып қалады. Бір жағынан ағаш демалады. Әрі бұтақтарының қабықтары қалыңдап, қысқы суыққа төзімді болады.

1998 жылы кеңшар тарағанда еншісін алған Исраил Юсуповтың 7 гектар бағы бар. Шаруа қожалығы алманың сегіз түрін өсіреді. Ағаштар бұрынғы қарапайым әдіспен отырғызылған. Өткен жылмен салыстырғанда, биыл өнім нашар. Себебі көктемде бұршақ ұрған. «Оған қоса сапасыз дәріге ұрынып, алмаға аздап құрт түсті», – дейді бағбан. Енді шығынды өтеп, табыс табу үшін алманы қыста сатпақшы.

40 жылдық тәжірибесі бар білікті бағбан интенсивті бақтың тиімділігінен жақсы хабардар. Болашақта Исраил Юсупов та ескі алма ағаштарын кесіп, жаңа әдіспен бақ отырғызуды жоспарлап отыр. 

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Ерлан Әбжанов

Хабар 24 телеарнасы