360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Украина экономикасы кезекті дағдарыс алдында тұр

  • 159
  • UPD: 10:39, 02.10.2018

Астанада өтіп жатқан Бүкіләлемдік мұнай кеңесі отын нарығындағы бірқатар проблеманың басын ашып көрсетті.

Атап айтқанда, мұнай бағасының құбылуы, бірқатар әлем елдерінің экономикасына кері әсерін тигізіп тұр. Айталық, қара алтын құнының өсуі, Украинадағы инфляцияның артуына сеп болған. Жанар-жағармай импортына 80 пайыз тәуелді ел кәсіпорын және халық тұтынатын газ бағасы, сондай-ақ мотор отыны құнын өсіруден басқа амалы жоқ.

Украинадағы жанармай бекеттері ай емес тіпті апта сайын отын бағасын өсіруге мәжбүр. Салдарынан елдегі азық түліктен бастап қызмет көрсету мен коммуналдық төлемдердің де құны бір орында тұрған жоқ. Мемлекеттік «Нафтогаз» компаниясы бірінші қазаннан бастап кәсіпорын тұтынатын газ бағасын 10 пайызға өсірді. Халықаралық қаржы қорының талабы бойынша Украина үкіметі жылыту маусымы кезінде қуат көздері мен халық тұтынатын газ бағасын 45 пайызға дейін арттыруға мүдделі.

Петро Билян, Халықаралық ЭКСПРО сараптамалық компаниясының жетекші маманы:

– Әлемдегі мұнай бағасының өсімі –Украина экономикасына кері әсер ететін жайт. Украинада отын бағасы тұрақсыз, апта сайын жанармай бекеттеріндегі бензин және автогаз құны көтеріліп жатыр. Халықты әлеуметтік төлемдердің емес, коммуналдық тарифтің артқаны күйзелтеді.

Украинадағы базалық инфляция деңгейі 9,5 пайызды құраған. Сала мамандары жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 12 пайызға дейін жетеді деп болжайды. Инфляцияның артуына ұлттық ақшаның құнсыздануы мен тауар тапшылығы да тікелей әсеріп тигізіп тұр. 

Иван Кудинов, Украинадағы мұнай және газ нарығының маманы:

– Соңғы екі ай бойы Украинадағы отын бағалары бұрын-соңды болмаған рекордық көрсеткішке жетті. Оған әрине мұнай өнімдерінің әлемдік бағасы мен ұлттық ақшаның құнсыздануы кері әсерін тигізіп тұр. Бензин және газ бағасының Еуропадағы құны да тұрақсыз, демек Украина отын нарығындағы жағдай қиын кезеңді басынан кешіруде. Тамыз және қыркүйек айында бензин және дизель отынының бағасы 10 пайызға артқан.

Әлемдегі мұнай бағасының бұлай құбылуы Украина экономикасына салқынын тигізіп тұрғаны белгілі. Алайда мұнай және мұнай өнімдеріне қатысты баға саясаты Украина ғана емес, әлемнің барлық елі үшін өзекті. «Тығырықтан шығудың бір жолы – мұнай және мотор отынын өз еліңде өндіру», – дейді Бүкіләлемдік мұнай кеңесіне қатысушы мамандар. Мұндай мазмұндағы пікірге Украина сарапшылары да қосылады.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Михаил Мищенко

Хабар 24 телеарнасы