366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жетісулық шаруалар жүгері оруға кірісті

  • 588
  • UPD: 14:22, 02.10.2018

Алматы облысының шаруалары жүгері ору науқанына кірісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл дақылды жинауды алғашқылардың бірі болып Панфилов ауданының диқандары бастады. Жазиралы Жаркент жері – ежелден жүгері өсіруге өте қолайлы аймақ. «Тамшылатып суару технологиясы енгізілген алқаптардан биыл гектарына 200 центнерден өнім алынуы мүмкін», – дейді мамандар.

Алматы облысы бойынша биыл 80 мың гектар алқапқа жүгері егілсе, соның 33 пайызы Жаркент өңіріне тиесілі. Панфилов ауданының шаруалары бүгін осы дақылды ору науқанын бастады. Олар әр гектардан орта есеппен 120-130 центнерден өнім алып жатыр. Жиналған өнімді өткізуде ешқандай түйткіл жоқ. Өйткені аудан орталығының дәл іргесінде крахмал зауыты жұмыс істеп тұр. Мұндағы ең ірі деген шаруашылықтардың бірі биыл 1200 гектар алқапқа жүгері еккен.

Марат Қадыров, шаруашылықтың бас агрономы:

– Американдық сорт – J98 M27. Былтыр әр гектардан 120 центнерден алғанбыз. Биыл 120-дан сәл жоғарырақ аламыз деген үміттеміз.

Панфилов ауданының аумағындағы «Қорғас – Шығыс Қақпа» құрғақ портынан жақында тағы екі жүгері қабылдау пункті ашылады. Крахмал зауытындағылар оның әр тоннасын 40-45 мың теңгеден қабылдаса, құрғақ порттағы баға да сол шамада болады деп күтілуде. Жаркент іргесіндегі ірі шаруашылықтардың бірі биыл 300 гектар жүгері алқабына тамшылатып суару әдісін енгізіпті. Онда негізінен мұхиттың арғы жағындағы Америка Құрама Штаттарынан әкелінген тұқым себілген. Біз аталған шаруашылықта болып, бір дәннен 4-5 түптен шығып жатқанына көз жеткізіп қайттық. Шаруалар тәжірибе ретінде егілген бұл алқаптан биыл 200 центнерден жоғары өнім аламыз деген ниетте. Олар келешекте осы шетелдік жүгері сортының негізін де тұқым шаруашылығын құруды жоспарлап отыр. 

Жәнібек Оханов, шаруашылық басшысы:

– Американдық «Пионер» сортын ектік. Бұл жерде арықпен суару әдісімен салыстырғанда, 3-4 есеге өнімділік мол. Бұл жерден 5-6 тоннаға дейін алатынбыз.

Марат Қадыров, шаруашылықтың бас агрономы:

– Екі жыл болды, бұрын жүгеріге берілген субсидия тоқтап қалды. Ол бүкіл жүгері өсірушілер үшін қолайсыз жағдай. Субсидия болса, жүгері өнімін арттырып, шетелге шығуға мүмкіншіліктер бар.

«Сол себепті Үкіметтен жүгері алқаптарын субсидиялауды қайта қалпына келтіруін сұраймыз», – дейді Панфилов ауданының шаруалары.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы