366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодардағы кірпіш зауыты жұмысын тоқтатуы мүмкін

  • 135
  • UPD: 18:51, 03.10.2018
Павлодардағы кірпіш зауыты жұмысын тоқтатуы мүмкін Allbiz

Ертіс өңірінде кірпіш өндірісі тоқтап қалуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыс орталығындағы жалғыз силикат шығаратын кәсіпорынның қондырғылары әбден тозған. Зауыт жұмысшылары бұл тұтастай аймақтағы баспана құрылысына кесірін тигізе ме алаңдаулы.

Өйткені кәсіпорын ішкі сұранысты толық қамти алмай отыр. Айына 600 мың кірпіш шығарады, ал нарыққа қажеті 2 млн шамасында.

Павлодарда шығарылатын силикат кірпіш – құрылыс нарығында жоғары сұранысқа ие материал. Кварц құмы мен әктас қоспасы өнімнің беріктігін қамтамасыз етеді. Бүгінде осы құрылыс материалын облыс орталығындағы әр баспанадан көруге болады. Десе де, өндіріс көлемі азайған.

Лариса Гончаренко, қойма меңгерушісі:

Бүгінде зауыттың айлық өндірістік қуаттылығы 600 мың кірпіш. Дегенмен, құрылыс нарығындағы сұраныс айына 1,5-2 млн кірпішті құрайды. Қажеттілікті өтей алмай отырмыз.

Мамандар зауыт қуаттылығын арттырудан дәмелі. Мақсатқа жету үшін жұмыс күші бар болғанмен, құрал-жабдықтардың тозуы қолбайлау болып отыр.

Солтанбек Оспанов, өндіріс меңгерушісі:

- Станоктардың барлығы ескірген. Ал автоматтандырылған бөлшектері дұрыс жұмыс істемейді. Бұның барлығы өнімнің сапасына кері әсерін тигізеді.

Зауыт қызметкерлері қол қусырып отырған жоқ. Жуырда бір сығымдағыш құрал техникалық жағынан жетілдіріліп, кірпіш өндірісі жандана түскен.

Александр Дерюгин, механик:

- Зауыттың құрал-жабдықтарын жедел жаңғырту керек. Мәселен, үшінші сығымдағыш құралды жаңартып, автоматтандыру керек. Қосалқы бөлшектерді тасымалдау бойынша мәселелер көп. Оларды көрші Ресейден тапсырыспен әкелу қажет.

Зауыт басшылығының есептеуінше, кешенді жаңғыртуға шамамен 300 млн теңге көлемінде инвестиция қажет. Кәсіпорын бұл қомақты соманы көтеруге қауқарсыз. Жергілікті билік өкілдері қаржыландыру бойынша қолдау көрсетуге уәде бергенімен, мәселе шешімін таппаған. Биыл облыста 300 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріледі деп күтілуде. Құрылыс жұмыстарының көлемі жыл санап артып келеді. Сондықтан кірпішке деген сұраныс әрдайым жоғары деуге негіз бар. Оған қоса, құрылысшылар кірпішті көрші облыстан тасымалдағаннан гөрі жергілікті өнімге басымдық берген.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы